Нұрмахан Жалғасов, ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби аудандық ПБ-нің бастығы, полиция полковнигі:
— «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының жұмысына бірқатар сын айтып, бұл саланың жұмысын реформалауды тапсырды...
— Еліміздің мемлекеттігін нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға және жұртшылықтың әл-ауқатын жақсартуға бастайтын бес халықтық реформасының екінші бағыты заңның үстемдігін қамтамасыз етуді мақсат тұтады. Реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамында құқық қорғау органдары қызметкерлерін мемлекет қызмет жүйесіне қосу міндеттелген. Мемлекет басшысының мұндай қадам жасауы тегін емес еді. «Нұр Отан» партиясының ХVІ съезінде құқық қорғау саласы қызметкерлерінің атына ауыр сын айтты. «Полиция қоғамның өзіне деген сенімін арттыратындай етіп жұмыс істеуі керек» деген болатын сонда Елбасы. Партия съезінде полицияның мәртебесі мен оның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқық қорғау органдарының мөлдірлігін, ақпараттық технологияларды дамыту, патрульдік қызметті бейнетіркеушілермен жабдықтау бойынша шаралар дестесін қалыптастыру керектігі айтылды.
Полицияға кәсіби және психологиялық іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, полицейлер өздерінің біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып және растап отыратын болады. Кандидаттардың жеке қасиеттері мен кәсіби шеберліктері арнайы тестілеу арқылы анықталады. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті қорғау, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол бақылау қызметі, ұсақ құқық бұзушылықтармен күресетін арнайы орган — жергілікті полиция құрылмақ. Олар жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті қоғамдастыққа есеп беріп отырады.
— Әл-Фараби ауданында қылмыс және онымен күрес мәселесінің бүгінгі жай-күйі қандай?
— Әл-Фараби ауданы қаланың орталығы болғандықтан, Шымкентте жасалынып жатқан қылмыстардың 40%-ы осында орын алады. Мұнда ұрлық өршіп тұр. Пәтерге түсу, қалта ұрлығы немесе бөтеннің мүлкін ұрлау жиі орын алады.
Сараптау жұмыстары қылмысты негізінен жастардың жасайтынын көрсетті. Өйткені, бұл ауданда 29 мектеп пен бірнеше жоғары оқу орны, колледждер мен лицейлер орналасқан. Яғни Әл-Фараби ауданында жастар өте көп шоғырланған. Осыған орай біз апта сайын қоғамдық орындар мен көліктерде, қала орталықтарында профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Таяуда ғана Әл-Фараби ауданында орналасқан 29 мектептен жалпы саны 300 оқушыны және олардың мұғалімдерін жинап, кездесу ұйымдастырып, оларды ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ-ның уақытша ұстау изоляторына апарып көрсеттік.
Осындай жұмыстардың арқасында жасөспірімдер жасаған қылмыс саны өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 37-ден 27 пайызға азайып отыр. Бөтеннің мүлкін ұрлау 3,5%-ға азайды. Ал, ұрлық қылмысының ашылуы өткен жылмен салыстырғанда 37,1%-дан 47,5%-ға артты.
Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы былтырғы бес аймен салыстырғанда 48,1%-дан 59,2%-ға артқан. Оның ішінде аса ауыр қылмыс 77,8%-дан 100%-ға, ауыр қылмыстардың ашылуы 46,4%-дан 58,3%-ға артқан.
Қоғамдық орындарда жасалған қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 15,9%-ға, көшеде жасалған қылмыстар 23,9%-ға азайған.
Биыл әкімшілік құқық бұзушылық саны 1750-ден 3938-ге артқан. Дәлірек айтсақ, ағымдағы жылдың басынан бері азаматтарға 12 147 678 теңге әкімшілік айыппұл салынып, оның 7 732 413 теңгесі мемлекет пайдасына өндірілді.
Сондай-ақ, биыл өткен жылдарда орын алған әртүрлі санаттағы 210 қылмыс ашылды.
Жыл басынан бері қолданысқа түскен ҚР Қылмыстық Кодексіндегі қылмыстық теріс қылықтар бойынша 117 дәйек сотқа жолданды. Оның 63-ін Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі қылмыстық іздестіру тобының жедел уәкілдері анықтаса, 53 дәйекті учаскелік полиция инспекторлары, 1 дәйекті ювеналды полиция қызметкерлері анықтады. Сондай-ақ, 3 дәйекті жедел істер жөніндегі орынбасарым Е.Мейірбеков анықтап, сотқа жолдады. Мұндай көрсеткішті республика бойынша Е.Мейірбековтен өзге бірде-бір орынбасар жасамағанын мақтанышпен айта аламын.
— Бүгінде көлік ұрлығына шағымданушылар көп. Жалпы, жоғалған көлік табыла ма?
— Таяуда ғана екі адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтадық. Олар ұзақ жылдар бойы автокөліктерді ұрлаумен айналысқан. Тергеу барысында олардың 14 автокөлік ұрлағаны анықталды. Бүгінде ұрланған барлық автокөлік заңды иелеріне қайтарылды.
Сондай-ақ, пәтер ұрлығымен айналысып келген үш қылмыстық топты ұстадық. Олардың осы уақытқа дейін 47 пәтерге ұрлыққа түскендері анықталып отыр.
— 23 маусым – полиция күні. Әріптестеріңізге деген тілегіңіз...
— Елдің ішкі тыныштығы тәртіп сақшыларының қолында. Полиция қызметкері еліміздегі әрбір азаматтың құқығын басты назарда ұстауға міндетті. Бұл орайда полицейлерге елжандылық керек. Өз елін, жерін, халқын, ділі мен діні, тілін, ата-дәстүрін сүйіп, құрметтей алмаса, оның атқарып отырған қызметінің заяға кеткені. Кез келген маман иесінің жүрегінде адамгершілік қасиетпен бірге ата-бабадан берілген ар, намыс болуы шарт деп ойлаймын.
Елдің елдігін қадағалап, ішкі тәртібін бақылап отыратын полиция қызметкері болу - абыройлы іс. Ендеше, әріптестерімді мерекелерімен құттықтаймын. Жауапкершілігі мол, қиын да қызықты мамандыққа кір келтірмейік дегім келеді.
— Уақыт бөліп сұхбаттасқаныңызға үлкен рахмет! Ел тыныштығы жолында атқарған еңбегіңіз жемісті болсын!