Жаныма жай таптырмаған жәйтті отбасы айдары оқырмандарымен бөліссем деп едім. Тұйыққа тірелген тағдыр туралы айтпасыма болмас. Ақыл кеңес керек. Ақыл-сабырым жетер емес. Ақыл қосатын жан болса… Бәрін басынан бастасам… Жастайымнан жоқшылық дегеннің не екенін білмей өстім.
Әкем әжептеуір белді мекемеде бас есепші болып қызмет етті. Ақша деген пішен. Кешкісін әкем толық папкіні әкеп анама тапсырып жататын. Анам оны түнімен қаттап санап, сейфке салатын. Сонда ойлаушы едім папка ұстап жүретіндердің бәрі деп менің әкем сияқты ақша тапқыш деп. Кейде ақшаның көптігінен санауға ерініп менің көмегіме жүгінетін. Сосын құлағыма сыбырлап «үйде ақша көп деп ешкімге де айтпа» деп ескертуді де ұмытпайтын. Мен ол қатаң ескертуді әрине ескеремін. Бала болсам да олай айту қажет емес екенін сезуші ем. Әкем бала-шағасынан ештеңені аямайтын. Жаңадан шыққан сәнді көйлек, соңғы модалы телефон бәрін де алғашқы болып біз қол жеткізетінбіз. Қатарластарым осындай ұялы телефон алсақ қой деп армандап жүрген кезде біз басқа жаңадан шыққанын ауыстырып үлгеруші едік. Анам жұмыс істемейтін, үшеуміздің тәрбиемізбен айналысып, үйде отыратын. Әкемді күтуі тіптен ерекше еді. Қашанда киімі мұнтаздай таза, жуулы, үтіктеулі, қылаудай болып жүретін. Түскі тамағы дайын, әрі бір қызығы бір ғана тамақ емес, асханадағыдай екі тамақ істеуші еді. Бірі сұйық, екіншісі қою тамақ болатын. Сөйтсем осылай тамақтанғанды әкем жақсы көреді екен ғой. Әрі бармағынан бал тамған керемет аспаз. Әр тағамын бармағыңды жалап тұрып жейміз. Кейде әкем әріптестерін үйге ертіп келетін түскі тамаққа. Олардың бәрі де анамның тамағын ауыздарынан суы құрып мақтайды-ай келіп. Олардың әйелдері тамақ жасай алмайтын шығар деген ой келетін. Анам түнгі бестерде тұрып қазанға ет салып қояды. Ол былқылдап пісіп біз оянғанда мұрынды жарып тұратын. Әкем тұрғанда ыстық су дайын, тамағы дайын, киімі дайын тұратын. Ұйқыдан тұрғанда тамақ батпайды ғой, біз жемейміз. Ал әкем тап бір кешкі тамағын жеп отырғандай қамырды асаушы еді. Анамның құрбылары «күйеуіңді әбден еркелетіп жібергенсің. Басыңа шығарып алғансың» деп әзілдейтін. Ал әкемнің жолдастары болса «күйеу сыйлауды біздің әйелдеріміз сенің әйеліңнен үйренсін» деп таңдай қағатын.
Анам шаршамайды, күні-түні тек әкемнің жағдайын жасау болатын бар ойы. Кешкі тамағы уақытында пісіп тұруы керек, уақытында шәйі дайын тұруы керек, ең ақыры шұлығына дейін үтіктеуші еді ғой. Жұмысқа кетіп бара жатқанда сырт киімін өзі киігізетін, аяқ киімін алдына қоятын, бетінен сүйіп шығарып салып артынан ұзақ қарап тұратын. Әке-шешемнің сыйластығы маған тап бір ертегідегідей көрінетін. Шаңқ-шұңқ етіп ұрсып жатқан көршілерімді көргенде «бәрі менің анам сияқты болғанда ұрыспас еді» деген ой келетін. Әке-шешемнің бір де бір рет қабақ шытысып ренжіскенін көрген емеспіз. Бәлкім түнде ұрсысатын шығар. Әйтеуір біздің көзімізше ешқашан айқайласқан емес. Екеуі қартайғанда да осылай бір бірін сүйемелдеп отырады деп ойлаушы едім… Қайран менің ойым, қайран менің арманым… Екі ағам үйленіп жай жай болып кеткен, мен тұрмысқа шықтым. Күйеуім де жаман емес, анамнан үйренгендерімді жасаймын. Мен де дәл солай анам әкемді қалай күтсе мен де соны қайталадым. Көңіліме қаяу түсіргені соңғы үш жылда анам қатты науқасқа ұшырады. Қаратпаған жеріміз жоқ. Тіпті шетелге де апарып келді. Басында тәп-тәуір болып жүрген анам бүгінде төсекке таңылды. Өзіне арнайы бір күтуші қарайды. Біз бәріміз үйіміз жайымыз бөлек болған соң күнде бара беруге мүмкіндік бола бермейді. Бір жолы үйге барсам есігі тарс жабық. Үнемі есік жабылмайтын бұнысы маған таң көрінді. Әкеме хабарластым сонда бар деп бір үйдің адресін берді. Барсам бес қабатты үйдің үшінші қабатында екі бөлмелі үйге анам күтушісімен жайғасыпты. Иегі кемсеңдеп әзер жатқан анамнан мұның мәнісін сұрадым. «Осылай болғаны дұрыс…» дегеннен басқаны айтпады. Күтушіден сұрасам әкем мен шешемнің ұрыспағанын әкемнің ың шыңсыз осында әкеп тастағанын ғана айтты. Жүрегім үзіліп кеткендей, өлетін адамды құздың басына әкеп тастағандай қатты жүрегім ауырғаны. Әкеме бардым жүгіріп, маған барлай қараған ол «Анаңның өз қалауы осы болды» деді бар айтқаны. Бір айға жетер жетпес әкем жап жас келіншекке үйленіп алды. «А, бар мәселе осында екен ғой» болды менің алғашқы ойым. Сонда да болса әкемді жамандыққа қимаймын, қанша жыл отасқан жан жарын бұлайша ит құсатып тастап кеткені несі дегенді ойласам ішім қан жылайды. Анам ауруға шалдыққан соң бәлкім тұғырынан тайып тұрмаған әкемнің бір жаман қылығын сезді ме екен, әлде әкем өзі құлағын жеді ме екен? Қалай ойласам да ойдың ұштығына жете алмай қиналамын. Әрі сәрі халде жүрген мен анамды ойлап жаным шырқырайды. Санаулы күндері қалды десе шыдай тұрса болады ғой, көзі тірі адамды көзін бақырайтып қойып осылай істеуге бола ма? Анам бір шайпау қатын болса мейлі екен, бір әкем деп бар жастық шағын соған арнады емес пе? Түсіне алмаймын, миыма сыймайды. Әкем жас емес ертең-ақ қартаяды. Сонда анау қылмыңдап тұрған жас келіншек өзін тастап кетпесіне кім кепіл? Әкемнің қолында қалған кіші інім де жуырда еншісін алып бөлек шықты. «Жас жұбайлар» бөлек тұрғысы келгеннен шығар? Бір қол сөмкемен келген әйел бүгінде құндыз тон дейсің бе, бұлғын ішік дейсің бе бәрі соның үстінде, малынып киініп алған. Байлығына бола менің әкемді торға түсіргендей көрінеді де тұрады. Ал анам болса күннен күнге жанары солғындап жаны ауырып жатысы анау. Қайтерімді білмеймін…