Күні кеше Ордабасы алаңындағы Абдул Хамид Хаттани мешітінде 150 адамға арналып, дастархан жайылған. Мешітте берілетін ауызашардың өзіндік ережесі де бар екен, деп жазады Оtyrar.kz.
Абдул Хамид Хаттани мешітінің ұстазы Ералы Есенгелдиев «Ешкімді бөліп жармай ауызашарға келген адамдардың барлығына дастархан жайылады» деген.
Алайда кеше құлшылық үйіне келген жамағаттың намаздан кейін ауыз ашуға ниет білдіргенде дастарханнан дәм татуға біршамасы жіберілмеген. Оның себебін ауызашарды ұйымдастырушы мешіттің өкілдері жасырмады.
«Мешітке 600-700 адам келіп намазға қатысуда. Кеше кешкісін ауызашар 150 адамға шақталды. Талонды мешітке тұрақты келіп тұратын тұрғындарымызға үлестірдік. Талонды таратудың себебін түсіндіріп берейін. Соңғы кезде ауызашарға ішімдік ішіп жиналған жамағаттың мазасын қашырғандар, ораза ұстамайтындар жиі келетін болған. Ал нағыз аузы берік адамдарға орын болмай қалады. Сондықтан да талон үлестіруге мәжбүр болдық», – деді ұстаз Ералы Есенгелдиев.
Қасиетті Рамазан айында аузы берік адамдар бос уақыттарын құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек деген ережені ұстануға тырысқан Әбсаттар ағамыз да кеше ауызашарда болған.
«Жайылған дастарханнан орын таппаған жерлестірімнің әрекетіне көңілім толмады»,- дейді мүкіндігі шектеулі азамат.
«Мен осы мешіттің жанында тұрамын. Жиі келемін. Кеше осындағы ауызашарға қатыстым. Орын жетпегендер кеше діңкілдеп мешіттегілермен ұрысты. Уәжі «сендердің ақшаларыңа жайылған жоқ қой, баршаға жайылған дастархан» деп. Ол да дұрыс емес. Мешіттегілер тек ұйымдастырып береді. Ауызашар беруге ниет еткен азаматтар өз мүмкіндіктеріне қарайды. Келген 600 адам сыймайды ғой. Ұрысудың қажеті жоқ еді» деді қала тұрғыны Әбсаттар Саймұрзаев.
Біз орын алған жағдайды назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Әрбір азамат өз бағасын берер. Алла тұтқан оразаларыңызды қабыл етсін.