Өскеменде Тәуелсіздік күніне сыйға тартылуы тиіс ғимарат қирап жатыр. Дәл осы мекемеде жыл сайын мыңға жуық студент білім алып, машина жасау саласына үлестерін қосады деп жоспарланған еді. Таңқаларлығы бұл ғимаратқа о баста төрт миллиард теңге бөлініпті. Алайда оқу орнына тапсырыс берген білім және ғылым министрлігінің өкілі мен өзге де лауазымды тұлғалар істі болып, жобаға салынған ақшаны талан-таражға салды деп айыпталып, сотталып кеткен. Құмға сіңген судай жоғалған 4 миллиард қазір қайда? Ғимараттың құрылысы қашан аяқталады?
Қараусыз қалған ғимаратта жоспар бойынша жыл сайын облыстың түкпір-түкпірінен келіп 700 студент білім алулары керек еді. Бірақ ол ой бүгінге дейін арман күйінде қалып отыр. Өйткені, 2013 жылы Тәуелсіздік күніне орай тапсырылады деп жоспарланған нысан сол жылы тоқтап қалған.
Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, азы ғана қалған еді. Нақтырақ айтсақ, құрылысшылар сылап-сырлап, әрлеуге көшкендері көрініп тұр. Тіпті жарық беретін шамдарды да орнатып қойған. Алайда қараусыз қалған соң оларды қиратып кеткен. Терезелер жұлынып, жылу жүретін құбырлар жұлым-жұлым болып жатыр.
Ал осы құрылысқа бөлінген қаражатты талан-таражға салды деген күдікпен Білім және ғылым министрінің орынбасары болып істеген Саят Шаяхметов пен «ҚР салынып жатқан білім және ғылым нысандары» ЖШС - нің бас директоры Александр Пак ұсталып, сотталған болатын. Енді ғимаратты Өскемен әкімдігі өз қарамағына алыпты.
ӘСЕМ ҚАЙРАТБЕК, Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
– Бұл колледждің Өскемен қаласы әкімдігінің құрылыс бөліміне балансына берілгендігі белгілі болып отыр. Алдағы уакқытта құрылыс бөлімінің мамандары техникалық сараптамалық жұмыстарын толық аяқтағаннан кейін ғимаратқа болашақта қандай жұмыстар жүргізу керектігі белгілі болады.
Сол уақытта құны 4 миллиард теңгенің ғимаратына енді қанша қаржы жұмсалатыны белгісіз. Бірақ әкімдіктегілер бастапқыдағы машина жасау саласының мамандарын оқытып, қайта даярлайтын оқыту орталығына айналатына сендіріп отыр.
Дереккөз: 31-арна