02.05.2018, 11:53

Алматыда деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту орталығы ашылды

Алматыда дәстүрлі емес теріс діни ағымдардың жетегінде кетіп, қайта тура жолды іздеп жүргендермен жұмыс істейтін арнайы орталық ашылды. Яғни, өздерін деструктивті ағымдардың құрбанымыз деп санайтын кез-келген адам осы орталыққа келіп, оңалту дәрістерін қабылдай алады.

Орталық жұмысы – репрессиялық шараларға емес, рухани адамгершілік құндылықтарды насихаттау мен дәстүрлі ислам дінінің дұрыстығын түсіндіруге бағытталған.

Орталық қызметінің мақсаты – халық арасында толеранттылықты және діни экстремизм көріністеріне төзімсіздік сананы қалыптастыру, діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ықпалынан зардап шеккендерге теологиялық, психологиялық, құқықтық және практикалық көмек көрсету болып табылады.

Орталықтың директоры  Руслан Қайыргелді мекеменің  ағымдағы қызметі туралы баяндады. Оның айтуынша, орталыққа мемлекеттік орган қызметкерлері анықтаған радикалды көзқарастарды тасымалдайтын азаматтар жіберіледі. Негізінен олардың көбі діни білімі  жоқ, адамдарды экстремистік топтардың қызметіне тартатын,  материалдық көмек көрсетіп, оларды тәуелді ететін жас мөлшерлері 15-28-дегі азаматтар.

Орталықта оларға радикалды топтардың зияны Құран аяттары және хадистермен, ислам тарихымен салыстыра отырып, шынайы жүзді көрсететін және жалған исламдық сипатты насихаттайтын нақты фактілер және дәлелдемелер көрсетіліп, олармен жеке-жеке әңгімелесу жүргізіледі. Қазіргі уақытта орталықта 186 адам бейімделу процесінен өтуде.