$ 498.34  519.72  4.85

Енем мені бедеу қып тыңды

Менің жасым 36-да. Жоғары білімді, қаржы саласының маманымын. Отбасым бар, бірақ бір перзентке зар болып жүрмін. Бәрін басынан бастайын…

Үшінші курста оқып жүргенде осы қалада тұратын Тимур деген жігітпен таныстым. Ол кезде ол зауытта жұмыс істейтін. Меннен 8 жас үлкен еді. Тимур отбасыдағы жалғыз бала. Анасы Тимурды кештеу тапқан екен. Жалғыз бала болғанмен Тимурдың ерке мінезі жоқ. Бірақ анасының айтқанынан шықпайтынын тұрмысқа шыққан соң көріп білдім. Әкесі де сол зауытта жұмыс істеп, кейіннен денсаулығына байланысты жұмыстан босаған екен. Ал анасы Кеңес үкіметі тұсында кәсіподақ қызметкері болған. Кейіннен кәсіподақ тарқаған соң түрлі қызмет істеген (әйтеуір қара жұмыс емес). Сондықтан болар бәрін өзі басқаратын.

Институтты бітіріп, бір жыл жұмыс істеген соң Тимурмен отбасы құрдық. Сол кезде әкесі жұмыс істемейді, анасының да тұрақты жұмысы болмай, отбасында аздап қиыншылық болған соң тойды да шағын етіп өткіздік. Ол кезде Тимур да жалақысыз демалыста жүрген. Отбасы тек Тимурдың папасына берілетін жәрдемақыға қарап отырған екен. Сондықтан мен той өте сала жұмысымды қайта жалғастырдым. Солай отбасылық өмір басталды.

Тимур менен «қайда барасың, қайда жүрсің, қашан келесің» деп ешқашан сұрап көрген емес. Алайда, ондай сұрақтарды енемнен күнде есітетінмін. Енем ондай сұрақтардың астына алғанмен, қатты сөйлеп, ұрыспайтын. Сондықтан болар, ол кісінің сұрақ астына алғанына аса мән бермейтінмін. Арадан бір ай өткенде, енем бір күні кешке жеке сөйлесу үшін мені ас бөлмеге шақырды. Ас бөлмеге кіріп есікті жапқан енем «Маржан бала табуға асықпаңдар, әлі жассыңдар сақтанғаның дұрыс, дәрігерге барып, амалын жаса» деді. Мұндай әңгімені күтпеген мен ештеңе демедім. Бұл әңгімені Тимурға айтып едім «маманың айтқаны дұрыс шығар, қазір жағдай болмай тұр ғой» деді. Бірақ қай әйел ана болғысы келмейді?! Сондықтан сақтанбай жүре бердім.

Құдай енемнің тілеуін берді ме, әйтеуір тұрмысқа шыққаныма екі жалдан асса да бала көтере алмадым. Дәрігерге барып көрінсем «бәрі дұрыс, күйеуіңізбен бірге келіңіз» деді. Тимурды көндіріп, мамасына білдірмей дәрігерге барып тексерілдік. Дәрігер бәрі де дұрыс екенін айтып, біраз дәрі мен уколдар жазып берді. Тимур екеуміз де 10 күн ем алдық. Көп ұзамай жүкті болғанымды білдім. Қуанышымда шек болған жоқ. Бұл жаңалықты есітіп Тимур да қуанды. Екеуміз мамасына айтпаймыз деп шештік. Немерелі болатынын көзі көрген соң өзі-ақ қуанар деп ойладық.

Бір күні кешкі тамаққа отырар алдында, аяқ асты жүрегім көтеріліп дәретханаға жүгіре жөнелдім. Суық сумен бет-қолымды жуып, қайта келіп дастархан басына отырдым. Бірақ тамаққа тәбетім болмады. Тамақ ішіп болған соң ас үйде ыдыс жуып тұрғам. Қасыма енем келіп, «сенің аяғың ауыр емес пе?» деп сұрады. Мен өтірік «білмеймін» дей салдым. «Ертең менің таныс дәрігеріме барып қараласың, қажет болса, «больничный» ашып береді» деді зілді үнмен. Мен үндемей келістім.

Дәрігер менің жүкті екенімді бірден-ақ анықтап берді. Бірақ енемнің жүзінен қуаныш табын көрмедім. Мені шығарып жіберіп, енем дәрігермен ұзақ сөйлесті. Дәрігердің алдынан шыққан соң менің қасыма келіп отырды. Аз-кем үнсіздіктен кейін отбасының жалғыз менің айлығыма қарап отырғанын айтып, «сен декретке шығып баламен отырсаң күніміз не болады?» деп сөз бастады. Алғашында түсіндірмек болғам, алайда енем мені тыңдағысы да келмеді. Қайта дауысы қатайып, өктем шыға бастады. Енемнің былай ашуланғанын алғаш көруім. «Қазір баланы алдырасың» деп кесіп айтты. Енемнің ашуланған түрінен қорқып, қалай «жарайды» дегенімді өзім де білмей қалдым.

Арадан екі жыл өткенде тағы аяғым ауырлады. Ол кезде Тимурдың папасының денсаулығы сыр беріп жүрген еді. Бірақ бір қуанарлығы Тимур құрылыс компаниясына жұмысқа кірген. Сондықтан енем енді қарсы болмас деп ойлағам. Бірақ олай болмады. Аяғым ауыр екенін білген соң енем баланы алдыр деп күнде құлақ-миымды жеді. Тимурдың да басын қатырып, маған қарсы айдап салды. Үйде ұрыс-керіс басталды. Сонда да мен баланы алдырмаймын деп шештім. Енем енді маған үндемегенмен Тимурдың миын қатырумен болды. Жүйкесі жұқарды ма, әйтеуір Тимур ішіп келетінді шығарды. Бұрын той-томалақ болмаса, ішпейтін. Солай ырың-жырың болып жүргенде іштегі бала бес айлық болды. Сол кезде Тимурдың папасы қайтыс болды.

Осы жағдайлар әсер етті ме, енемнің тілеуі қабыл болып, балам түсіп қалды. Бұл менің жаныма қатты батты. Депрессияға түсіп, ауруханаға жатып шықтым. Содан кейін денсаулығымда кінәрат көбейе бастады. Жылда бір-екі рет аурухана төсегіне таңылу әдетке айналды. Сөйтіп жүргенде арада тағы үш-төрт жылдың өтіп кеткенін де байқамаппын. Бір күні енем «жағдайымыз жақсарды, жасың да отыздан асты, енді бала табам десең қарсы емеспін, бұдан кейін кеш болып жүрер» деді. Бірақ, қанша дәрігерге қаралып, ем алсам да бала көтере алмай қойдым. Дәрігерлер енді мүлде бала көтермейтінімді айтты. Бұл мен үшін өлім жазасымен пара-пар үкім еді.

Дәрігерлердің осы үкімін естіген соң енем бала таппайсың деген әңіме айта бастады. Тимурдың да құлағына құйса керек, ол да ішіп алса сол сөзді қайталайтынды шығарды. Өзім енді бала көтере алмайтынымды білген соң «бала асырап алайық» десем, оны Тимур мақұлдағанмен, «неге менің ұлым біреудің баласын бағу керек» деп оған енем көнбейді. Анасын тастап, бөлек шығуға Тимур көнбейді. Енді не істерге білмей жүрмін. Ажырассам қайда барам? Жасым болса қырыққа таяп қалды. Енді басқа біреумен отбасы құруым да екіталай. Оған қоса, менен кейінгі екі сіңлім ажырасып үйге келіп отыр. Ол қартайған әке-шешеме де оңай тиіп жүрген жоқ. Оған мен қосылсам, не болмақ?! Тығырықтан шығар жол көрмей тұрмын. Кейде асылып өле салсам ба екен деп те ойлаймын. Шаршадым бәрінен!!!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары