Алматыдағы 146 шағын ауданда 2500-дей көше атаулары бар. Олардың ішінде 337 көшенің аты қаланың ішінде қайталанып келе бергендіктен, мекен-жайды іздеген жанға қиындық туғызады. Қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен бұл келеңсіздіктерді жою жұмысы әлі жалғасып жатыр.
Енді Алматыдағы 164 көшенің атауы ауысуы мүмкін. Жаңа есім берілетін көшелердің көбі Алатау ауданына тиесілі. Қазірге дейін халықтың жадына сақталып қалған Ақын Сара, Бауыржан Момышұлы сынды көшелерді де басқаша атау ұсынылыпты.
-Осы ұсынылып отырған тұлғалар комиссияның отырысында бірауыздан қолдайды деген сенімдеміз. Негізінен, қазіргі таңда бізде басым атауды тарихи жер, су атаулары мен халыққа жақын дәстүрлі атаулар ұсыну, арнайы тапсырма бар. Соның негізінде біз көбінесе жер,су атауларды қайта жаңғырту, дәстүрлі атауларды ұсынғанбыз, - деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасы ономастика бөлімінің басшысы Өтепберген Қуатбайұлы.
Сандық жүйемен жұмыс істейтін 25 шақты аппараттың көмегі арқылы анықтама белгілерінің үш жүзден астам түрін шығаратын мамандар көше тақтайшаларының стандартымен қоса, сапасына да мән бермесе, белгі көпке шыдамайды дейді.
Жарнама шығарушы Александр Дубовицкийдің айтуынша, Алматыда анықтама белгілерін шығаратын үш жүзден астам мекеме болса, олардың тек оншақтысы ғана стандартқа жауап бере алатын компаниялар екен.
Республикалық ономастика комиссиясы ұсынысты мақұлдаса ғана Алатау ауданындағы 118, Бостандықтағы 46 көше атауы өзгереді. Ал осыдан бір жыл бұрын толық шешім қабылданса да Наурызбай ауданындағы 104 көше ескі атаулармен әлі тұр. Аудандағы алты мыңға жуық анықтама белгілерін ауыстырып беруге демеуші табылмағандықтан, жуырда жергілікті билік 10 миллион теңгенің тендрін ойнатпақ.
Әрбір белгіде QR-код қоса таңбаланады. К QR-кодтың көмегі арқылы көше атауы берілген адам туралы ақпаратты анықтауға мүмкіндік бар. Наурызбай ауданындағы адам атымен 44, жер, су атауы берілген 66 көшенің белгілерін жаңалау әлі жылдың соңына дейін жалғаспақ.