Алматыда бесінші жыл қатарынан «Мәңгілік полк» шеруі ұйымдастырылды. Биыл көшелер бойымен 100 мыңнан аса алматылық пен қала қонақтары батырларының суретімен жүріп өтті. Бұл Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіс жалауын желбіреткен жауынгерлерге көрсетілген құрмет. Әрбір сурет өзінше бір тарих.
Мақтаныш, күлкі мен сағыныш көз жасы. Мәңгілік полкқа келген әрбір азамат осы күйлердің бірін басынан кешері сөзсіз. Қолдарына ұстаған суреттердегі тағдырлар да әртүрлі. Бірақ бұл біздің ортақ тарихымыз. Майдангерлердің қанымен, жанымен келген Ұлы Жеңіс күнін бейбіт елде тойлап келеміз. Пост кеңестік мемлекеттер сияқты, біздің елімізде де әр 9 мамыр құрмет-қошеметпен өткізіледі. Мәңгілік полк маршы ұйымдастырылып, Алматы көшелеріне өз батырларының суретін, марапаттарын ұстағандар шығып, батырлар рухына тағзым етеді. Биылғы шараға дәстүр бойынша 100 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Алматыда бұл шеру бесінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Былтырғы шараға 10 мыңнан аса адам қатысқан болатын. Айта кетелік, «Мәңгілік полк» азаматтық акциясы 2012 жылы Ресейдің Томск қаласында бастау алған болатын. Кейін қозғалыс Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Украина мен Израилдьде қолдау тапты. 2013 жылы бұл шара 120 қалада, ал 2014 жылы жеті елдің 500-ден астам қаласында ұйымдастырылды.
Өкініштісі сол, жыл санап Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр ардагерлеріміздің саны азаюда. Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрлігінің ақпаратына жүгінсек, Қазақстанда 2067 Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Оның көбі, яғни 369-ы Алматы қаласында. Бүгінгі Астана алаңынан басталған шеру Төле би көшесі бойымен Достық даңғылына дейін, ары қарай Әйтеке би көшесімен жүріп, шеру 28-ші панфиловшылар саябағында аяқталады. Шеру 40 минутқа созылады. Батырларымыздың ерлігі ұмытылмайды.