Ақжібек Хажиева бұрынғы күйеуінің тепкісінен әлі де құтыла алмай келеді. Айтуынша, күйеуі жиі қол көтерген соң, ажырасып кетіпті. Алайда, бұрынғы күйеуі әлі күнге дейін оны ұратын көрінеді. Осы мәселе бойынша Ақжібек бірнеше мәрте құқық қорғау органдарына шағым түсірген. Бірақ одан еш нәтиже шықпаған. Қайда барарын білмеген шарасыз әйел өзінің қорғаушысы Ақылбек Исмағамбетовпен бірге «Костанайские новости» басылымының редакциясына көмек сұрап келіпті.
«Алғаш рет күйеуім маған 2014 жылы мамыр айында қол көтерді. Ол уақытта жүктіліктің 7-ші айында едім. Содан бастап жиі ұруды әдетке айналдырып алды. Екінші балама 5 ай жүкті кезімде де қол көтерді. Тіпті, ол туралы медициналық сараптама да бар. Сөйтіп, 2017 жылдың 25 қыркүйегінде ажырасуға арыз тастадым. Айғай-шу болып, 20 желтоқсанда ғана әрең ажырастық. Бірақ ажырасып кеткен соң да мені ұруын тоқтатқан емес. 1 қаңтарда заттарын алуға келгенде тағы қол көтерді. Соңында алған соққыдан емханаға баруыма тура келді», – дейді әйел.
Ақжібек күйеуінен алған соққылар іздерінің суреттерін дәлел ретінде сақтап жүр екен. Айтуынша, ол әр келген сайын шу шығарып кетеді. Тек полициямен қорқытса ғана тынышталып қалатын көрінеді.
Өзі дәрігер болып істейтін Ақжібек бұрынғы күйеуінің қорлығына бұдан кейін шыдай алмайтынын айтады. Екеуінің арасындағы келіспеушіліктің тууына кезінде ашқан ортақ іс себеп болып отыр дейді.
«Күйеулеріңнен зорлық көрсеңдер үндемеңдей қалмаңдар, айтыңдар, тіптен ол адамнан кетіп қалыңдар деп құқық қорғаушылар ұрандатып жататын еді. Бірақ басымдағы жағдайды полицияға да айттым. Ешқандай көмек көрсеткен жоқ. Түсірген арыздар да сол күйінде қаралмаған. Олардың немқұрайлылығынан өзіме енді қорғаушы жалдап отырмын», – дейді бұрынғы күйеуінен қорғана алмаған Ақжібек.