Алматы қаласы әкімнің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алматы әкімі күнделікті жұмыс сапары барысында мегаполистің көшелері мен аулаларын абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Осы тапсырмалардың жайын естіген алматылықтар ауламыз жөнделетін болды деп қуанып жүр. Ауланы жөндеуге өзіміздің отандық өнімдерді пайдаланатыны да ерекше бір мақтаныш сезімін туғызып отыр. Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдары бой көтерген көпқабатты ескі үйлердің ауласы содан бері жөндеу көрмеген еді. Тек ара-тұра аулаға жүрдім-бардым жөндеу жүргізіліп тұрғаны болмаса.
Жалпы, биыл шаһардағы ауқымды қайта жөндеу жұмыстары аясында 585 аула жөнделеді екен. Сонымен бірге, қаламызда 157 көше мен 30 шақырым жаяу жүргіншілер жолы жөндеу көрмек көрінеді. Осыған орай, қалалық әкімдіктің Өндірістік кәсіпорындар іс-қимылын бақылау бөлімі қызметкерлері «Бізге жергілікті өндірісшілердің мердігерлермен бірлесе әрекет етуі аса маңызды. Өйткені, олардың өзара әрекеттесуі біздің кәсіпорындарға кепілдендірілген тапсырыс беруге, ал мердігерлерді сапалы өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз жақында Бостандық ауданы әкімдігінде В2В-кездесуін өткіздік. Алдағы уақытта осындай шараларды Алматының барлық аудандарында өткіземіз деп жоспарлап отырмыз», - деп атап өтті.
«Шындығына келсек, әрқайсымыз үшін қала өз ауламыздан басталады. Көшелер мен даңғылдарды қайта жаңғыртып, алматылық аулалардың қазіргі жағдайына көз жұмып қарай алмадық. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауын және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ескере отырып, біз бюджетті қайта қарап, оған барынша әлеуметтік негіз бердік, әрі нақтылы жобалар мен нәтижелерге бағыттадық. Егер өткен жылы біз 455 аула алаңдарын абаттандырсақ, биылғы жылы қаланың барлық аудандарында 585 аула қосымша жөнделетін болады», - деді Бауыржан Байбек.
Бұл жұмысқа тартылған компаниялардың барлығы да «Кәсіпкерлікті қолдау картасының» қатысушысы болып табылады екен. Бұл дегеніңіз, олардың осындай жетілдіруді өздерінде де жүргізгенін білдіреді. Нәтижесінде осы арқылы жұмыс сапасы артып, өндіріс көлемі өседі және өнімнің бағасы төмендейді.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ