$ 494.87  520.65  4.91

Индустрияландырудың екінші кезеңінде жаңа технологияларға ерекше мән беріледі

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы Мемлекет басшысы айқындаған жаңа экономикалық саясат - «Нұрлы жол» бағдарламасымен, ондағы инфрақұрылымды дамыту жобаларымен ұштасқаны белгілі. Айта кетерлігі, индустрияландырудың бірінші бесжылдығында ұлттық экономика сипаты біршама серпінді өзгерістерге иеленді. Қазақстанда бұрын шығарылмаған жаңа тауар түрлері өндіріліп, еліміздің экспорттық қуатын ұлғайтатын нысандар бой көтерді. Ең бастысы, бірінші бесжылдық аясында жұртшылық жаңа жұмыс орындарымен қауышты. Дегенмен, бірінші бесжылдық аясында салынып, әлі қуатына мінбеген индустриялық жобалар бар. Көрсеткіштер бойынша айтсақ, индустрияландыру бағдарламасының аясында елімізде 770 жоба іске қосылған. Дегенмен, олардың ішінде 200 жобаның өндірістік қуаты әлі де толық пайдаланылмай келе жатыр. Ендеше осының бәрі елдің ертеңгі игілігіне айналытыны сөзсіз.

 

Ендігі басты мәселе - екінші бесжылдық. Бүгінгідей қиын-қыстау кезеңде индустрияландырудың қандай бағытына баса назар аудару қажет? Шындығында, индустрияландырудың қазіргі кезеңі үлкен кедергілерге, түрлі қиыншылықтарға тұспа тұс келіп отырғаны рас. Өйткені, бүгінгі күні әлемдік экономика күрделі ахуалды бастан кешіруде. Түрлі-түрлі геосаяси қатерлер қаптап, қазақстандық басымдық болып табылатын шикізаттық ресурстарға, соның ішінде мұнай мен металл баға құлдырауда. Әлемдік экономикада негізгі ойыншылар саналатын елдерде бір-біріне қарсы санкциялар өрбіп, жаһандық сауда тетігінің белді мүшесі болып отырған Қытайда экономика өсімі шабандады. Осының бәрі айналып келгенде Қазақстандағы индустрияландыруға да өз кесірін тигізбей қоймайтыны ақиқат. Дегенмен, осындай алмағайыптарға қарамастан отандық экономика өсімі жалғасып келеді. Мәселен, Индустрияландыру күніне арналған жиын барысында сөйлеген сөзінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев биылғы жылдың 5 айында өнеркәсіптік өнім көлемі 0,5 пайызға, тау-кен өнеркәсібінде 1 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 0,2 пайызға өскенін алға тартты. Оның айтуынша, көршілес Қытайдан металлға деген сұраныстың азаюына қарамастан, мейлінше маңызды металл түрлерінде, атап айтқанда, мыс бойынша 41,5 пайыз, алюминий бойынша 10 пайыз, ферроқорытпа бойынша 6,5 пайыз, глинозем бойынша 0,5 пайыз өсім көрсеткіштеріне қол жеткен. Бұл негізінен мемлекеттік қолдаудың арқасында орын алған болатын. Бұдан бөлек, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған реформаның нәтижесінде Қазақстанға шет мемлекеттерден келіп жатқан тікелей шетелдік инвестициялардың қарқыны сақталып отыр. Мәселен, өнеркәсіптік өндіріске ағылған мұндай инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 48 пайызға өскен.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығында атқарылатын мәселелерге тоқтала келе министр Әсет Исекешев, мұнда да шетелдік инвестицияның маңыздылығын алға тартады. Оның айтуынша, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасының іске қосылуы, Елбасының тапсырмасымен Астанада өңірлік халықаралық қаржы орталығын құру мәселесі, Қазақстанның Қытай қолға алған «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасына қосылуы елімізге шетелдік инвесторлардың келуіне жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Осылайша, Қазақстан өңірлік инвестициялық хабқа айналады. «Биылғы жылы біз 700-ден астам шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Соның нәтижесінде 100-ден астам меморандумға қол қойылды. 26 ірі трансұлттық корпорациялармен келіссөздер жүргізіліп, олардың 10-ымен нақты келісімге қол жетті. Осы жартыжылдықтың ішін­де шетелдік инвесторлардың қатысуымен 7 жоба пайдалануға беріледі», - дейді Әсет Исекешев.

Ал индустрияландырудың ендігі міндеті - инвестициялар тарту арқылы жаһандық технологиялық трендтерге көбірек мән беруге қатысты болып табылады. Осыған орай, министр Исекешев қазіргі жағдай өнеркәсіптік сектордың бәсекелестік қабілетін арттыру бойынша жүйелі жұмыстарға жаңа көзқараспен қарауды қажет етіп отырғанын алға тартады.  

«Өйткені, әлемдік нарықта бірқатар маңызды тауарлар бағасы құлдырауда. Соған байланысты екінші бесжылдықта инвестициялар тартуда жаһандық технологиялық трендтерге көбірек мән берілмек. Осыған байланысты Бүкіләлемдік банктің көмегімен рыноктарға неғұрлым өтімді 152 тауар таңдап алынған. Ол тауарлар шартты түрде екі топқа жүйеленді. Бірінші топтағы тауарларды игеру үшін бірқатар капитал қажетсінетін жобаларды жүзеге асыруға тура келеді. Бұл ретте бірқатар ерекше технологияларға қол жеткізу және оларды жаһандық тізбекке тіркеу үшін ірі трансұлттық корпорациялар тартылатын болады. Ал екінші топтағы тауарларды отандық бизнестің өзі мемлекеттік қолдау құралдарына сүйене отырып игере алады. Сондықтан, бірінші топтағы тауарларды игеру ұлттық холдингтерге тапсырылса, екінші топтағы тауарларды игеруді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әкімдіктермен бірлесіп, қолға алатын болады», - дейді министр Әсет Исекешев.

Бұл ретте Үкімет жеке жобаларға емес, индустрияландыруға қажетті жүйе құру ісімен, атап айтқанда, кедергілерді жоюмен, инфрақұрылымдарды қалыптастырумен, қолайлы инвестициялық ахуал туғызумен айналысады.

«Тұтастай алғанда, индустрияландырудың екінші бесжылдығы неғұрлым инновациялық болады. Осыған байланысты төрт бағыт таңдап алынған. Оның біріншісі - өнеркәсіптік секторлары бар кәсіпорындарды жаңа технологиялық деңгейге шығару. Екіншісі - отандық ғылымды индустрияландыру үшін қолданбалы міндеттерді шешуге жұмылдыру. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың әдіс-тәсілдеріне өзгерістер енгізіледі. Үшіншісі - экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіздерді қалыптастыру. Мұнда трансұлттық корпорацияларға басымдықтар берілетін болады. Төртіншісі - жоғары технологиялық стартап-компаниялардың тым жеткіліксіздігі мәселесін шешу. Бұл міндетті шешуге шетелдерден инноваторлар мен зерттеушілер шақырылады. Солардың көмегімен стартап-хаб құрылады», - дейді Әсет Исекешев.

Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі таңда индустрияландыру бағдарламасының алдағы бесжылдығы шеңберінде басымдығы бар алты сала анықталған. Олар: мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі.

Ал Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың тиімділігі мен өнімділігін мейлінше көтерудің қажеттілігін алға тартады. «Бұл үшін ұқыпты өндіріс жүйелерін, роботтандыру және автоматтандыру элементтерін енгізу, технологиялық желілерді жаңғырту талап етіледі. Әсіресе бұл біздің металлургия, мұнай өңдеу, химия сияқты дәстүрлі салаларымызға қатысты болып отыр. Жалпы Қазақстан үшін түбегейлі жаңа - мұнай-газ химиясы, автомобиль құрастыру және тағы басқа өнеркәсіп салаларын құру мен дамыту маңызды. Ал, мұндағы шешімнің мәні - жаһандық ойыншылармен бірге бірнеше ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда болып табылады», - деді Мемлекет басшысы.

Ал ол үшін қандай қадамдар қолға алынады? Бұл ретте Президент Үкіметке, ұлттық холдингтерге шетелдік алпауыттармен бірігіп жасалатын  жобалардың тізбесін анықтап, оларды жүзеге асыруға жауаптыларды бекітуді тапсырды. Ал заманауи технологияларға, компетенциялар мен жаһандық өткізу нарықтарына қол жеткізу үшін 10 трансұлттық корпорация мен «зәкірлі» инвесторлар тарту қамтамасыз етілетін болады. Түйіндей айтсақ, елдегі индустрияландыру да, «Нұрлы Жол» бағдарламасы да алдағы уақытта ел игілігін арттырып, өңірлерді өрге оздыратын жобалар мен алып инфрақұрылымдарды іске қосады. Соның ішінде Елбасы айқындаған 5 институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары аясында құрылыс, жер қойнауын пайдалану, энергетика және тасымалдау салаларындағы реттеу ісі озық халықаралық тәжірибелерге сәйкестендірілмек. Ендеше мұндай реформалар Қазақстанды озық отыз елдің қатарына қарай дамыта түсу үшін сапалық тұрғыдан жаңа жағдайлар жасауға септігін тигізетіні сөзсіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары