Шаһардың орталық көшелерінің біршамасында көлік қозғалысы біржақты болады. Үстіміздегі жылдың тамыз айының 5-іне дейін олардың саны тағы да артпақ.
Бүгінде біржақты қозғалыс Жамбыл, Мақатаев, Мұратбаев, Қарасай батыр, Қабанбай батыр және Бөгенбай батыр көшелерінде жүзеге асып отыр. Үстіміздегі аптаның соңына дейін олардың қатарына Гоголь мен Шәріпов көшелері қосылатын болады.
Біржақты көлік қозғалысы Мақатаев көшесімен Қалдаяқовтан Мұқанов көшесіне дейін батыс бағытта, Гоголь көшесімен Әуезовтен Қалдаяқовқа дейін шығыс бағытта болады. Ал Бөгенбай батыр көшесімен батыс бағытта Масаншыдан Розыбақиевқа дейін, Жамбыл көшесімен шығыс бағытта Розыбақиевтан Масаншы көшесіне дейін жүреді. Қарасай батыр көшесімен батыс бағытта Масаншыдан Розыбакиевқа дейін, Жамбыл көшесімен шығыс бағытта Розыбақиевтан Масаншыға дейін болса, Мұратбаев көшесімен Райымбек даңғылынан Шевченко көшесіне дейін оңтүстік бағытта, Шәріпов көшесімен Абай даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін солтүстік бағытта орын алады.
Аталған бағыттардың біржақты қозғалыста болуы қақтығыстарды 50 пайызға төмендетіп, қаланың магистральды көшелеріндегі көлік кептелісін азайтады деп күтілуде. Соған сай көліктердің орташа жылдамдығы 12 шақ./сағ. болып, аймақты жүріп өту уақыты орта есеппен 17 пайызға қысқаратын болады.
Сондай-ақ, Гоголь, Мақатаев, Қабанбай батыр көшелерінде қоғамдық көліктерге арнайы жолақ сызылып, олардың кедергісіз жүруіне жағдай жасалады. Жол қозғалысының жаңа сызбасы келесі айдың 5-інен бастап енгізіледі. Естеріңізге сала кетейік, біржақты көлік қозғалысы былтыр Шевченко мен Құрманғазы көшелеріне енгізілген болатын.
Мұндай өзгерістер әлемдегі ірі қалалардың көпшілігінде бар. Мәселен, Барселонада, Франкфуртте, Миланда, Женева мен Прага қалаларының орталық аймақтарында біржақты қозғалатын көшелер желісі қалыптасқан. Аталған шаһарлардағы көлік қозғалысының жылдамдығы да төмен. Осы ретте АҚШ-та жасалған зерттеу нәтижесі көліктердің біржақты қозғалысы көлік қозғалысын 10—30 пайызға арттыратынын және көлік жылдамдығын орташа деңгейге көтеретінін көрсеткенін айта кетейік. Соған сай жолдардағы көлік кептелесі азайып, жол жүру уақыты 20—60 пайызға азаяды екен.