Алматыдағы жеңіл рельсті трамвай желісінің бағдары, жоба құны, басқару жүйесі және құрылыстың аяқталу мерзімі туралы толыққанды ақпарат жарияланды.
Алматыда жеңіл рельсті трамвай желісінің салынуы туралы біраздан бері айтылып келеді. Алматы әкімдігі өкілдерінің мәлімдеуінше, екі бағдардан тұратын жаңа трамвай жолы 22,72 километрге жетуі тиіс.
«Бірінші бағдар деподан шығып, оңтүстікті бетке ала Момышұлы көшесімен, кейін Төле би көшесінің бойымен шығысқа қарай жүріп, Панфилов көшесінен солтүстікке қарай бұрылады. Сосын Мақатаев көшесімен шығысқа, Жетісу көшесімен солтүстікке қарай жүреді. Екінші бағдар деподан Момышұлы көшесімен оңтүстікке қарай жүреді де, Төле би көшесінен батысқа бұрылады. Сосын Яссауи көшесінің бойымен солтүстікке қарай, Райымбек даңғылымен қайтадан батысқа - Қалқаман шағын ауданындағы Әшімов көшесіне дейін барады. Ол жерде «Батыс» автовокзалы мен автобус, трамвай, метро және таксилерге арналған хаб салу жоспарланып отыр», - дейді Алматы әкімдігінің өкілдері ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.
Мегаполис әкімшілігінің мәліметтеріне сүйенсек, қазір екі кезеңнен тұратын ашық халықаралық конкурс өткізуге құжаттар әзірленіп жатыр.
Бірінші кезеңде консорциумдардың өтініштері қабылданады, ұсынған жобаларының техникалық сипаттамалары негізінде жекеменшік серіктестер іріктеледі. Екінші кезеңде жобаның барлық талаптарына жауап беретін жекеменшік серіктес іріктеп алынады.
«Бірінші кезең 2018 жылғы шілдеде, екінші кезең 2018 жылдың желтоқсан айында өтеді. 2019 жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктес пен жекеменшік серіктес арасында келісімшарт жасасу жоспарда бар. Содан кейін жекеменшік серіктес жеңіл рельсті трамвай желісін жатқызуға кіріседі», - дейді әкімдік өкілдері.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде іске асырылады. Бұл формат бойынша, жобаның 50 пайызын мемлекеттік серіктес, қалған жартысын жекеменшік серіктес қаржыландырады.
«Қазіргі кезде жобаның құны шамамен 130 млрд теңге мөлшерінде белгіленіп отыр. Бірақ құрылыс жұмыстарының барысымен жоба құны өзгеруі мүмкін», - дейді қалалық әкімшілік өкілдері.
Қолда бар ақпараттарға сенсек, Алматыда жеңіл рельсті трамвай желісін жүргізу жобасына Францияның Alstom, Германияның Siemens және Канаданың Bombardier компаниялары қызығушылық білдіріп отыр.
«Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жоба ретінде жарияланған. Қандай трамвайларды ұсынатынымыз әлі белгісіз. Біздің Қазақстандағы «Қазэлектрожетек» бірлескен кәсіпорнымыз трамвай шығаратын әлеуетке ие емес. Дегенмен, егер экономикалық жағынан дұрыс келсе, жергілікті кәсіпорындарымыздың артықшылықтарын барынша пайдалануға дайынбыз», - дейді Alstom компаниясының өкілдері.
Алматыдағы жеңіл рельсті трамвайды пайдалануға берудің болжалды мерзімі ретінде 2022 жыл көрсетіліп отыр.