Ақтауда 15-17 маусым күндері Астаналар мен ірі қалалар халықаралық ассамблеясының (АХА) ХХIII сессиясы өтеді. Сондай-ақ, «Құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында (ТКШ) жаңа технологияларды енгізу» тақырыбында халықаралық конференция ұйымдастырылады.
Ақтауда өтетін конференцияға АХА ұйымына мүше қалалардың мэрлері, ТМД атқарушы комитетінің өкілдері, инфрақұрылым және құрылыс, инвестиция мен қаржы салаларындағы ғалымдар, мамандар қатысып, конференция тақырыбына сәйкес өзекті мәселелерді талқыламақ. Халықаралық шараның бағдарламасы аясында ұйымның сессиясы, конференция жұмысы, есептік отырысы, құрылыс пен ТКШ саласы бойынша көрме және осы бағытта бірқатар нысандар бойынша шара қонақтарына арнайы тур ұйымдастыру көзделген.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық Экономикалық Одақтың негізгі мақсатынан туындайтын міндеттерді іске асыруда жергілікті биліктің алатын орны ерекше. Өйткені, аймақтар мен қалалардың экономикалық, гуманитарлық бағыттағы тығыз қарым-қатынастары – интеграциялық үдерістерді дамытудың негізгі факторларының бірі. Сонымен қатар, қалалардың бір-бірінің іс-тәжірибелерін насихаттау үшін бас қосуға мүмкіндік туғызатын пікір алмасу алаңдарын өткізу, қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемаларды оңтайлы шешуге, соның ішінде инновациялық технологияларды құрылыс, коммуналдық-шаруашылық салаларына енгізудің жолдарын бірігіп іздеуге ықпалын тигізетіні сөзсіз.
Бұл бағытта Ақтау қаласы әкімдігінің тарапынан соңғы жылдары қарқынды жұмыс жасалуда. Халықаралық байланыстар саласында оң өзгерістерге қол жеткізілді. Бірқатар беделді халықаралық ұйымдарға мүшелікке қабылданған Ақтау қаласы 2014 жылы ТМД мемлекеттері арасынан ІІ, Орталық Азия елдері ішінде алғаш болып Бүкіләлемдік мұралар қалалары ұйымының VII халықаралық конференциясын өткізді.
Қаңтар айында Мәскеу қаласында ассамблея басқармасының кеңейтілген отырысында Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин мен ассамблеяның атқарушы вице-президенті, ұйымның бас директоры В.Селиванов Ақтауда АХА ұйымының ХХIII сессиясы мен халықаралық конференциясын ұйымдастыруда өзара міндеттемелер жөніндегі келісімге қол қойды. Сондай-ақ, осы жиында ассамблеяның «Город, где хочется жить» – 2014 VІІ халықаралық ЕурАзЭҚ және ТМД қалаларының тәжірибесі байқауының нәтижесі шығарылып, жеңімпаздар марапатталды. Жеңімпаздар қатарында Ақтау қаласы ұлтаралық келісімді нығайту мен дамытуда «Бір шаңырақ астында» әлеуметтік жобасын, қала тұрғындарының денсаулығын нығайту мен спортқа тартуда футзал бойынша дәстүрлі қалалық ашық чемпионатын ұйымдастырып, өткізгені және «Е-регион» автоматтандырылған басқару жүйесін енгізгені үшін арнайы дипломмен марапатталған болатын.