Көкшетаулық бойжеткен қазақ азаматымен бас қоспайтынын айтып, жан сырын ақтарды. Айтуынша, бүгінде қазақстандық ер-азматтар тым ұсақталып кеткен екен. Ару «шетел азаматы ұсыныс жасаса, қазір тұрмыс құруға дайынмын» дейді. Бұл туралы NUR.KZ жазады.
Көкшетаулық Аружан (авт. аты-жөні өзгертілді) есімді бойжеткен қазақ жігіттерінің тым ұсақталып кеткенін айтып, ағынан жарылды. Бойжеткеннің сөзіне сенсек, «қазіргінің ер-азаматтары ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге тым құмар» екен.
«Жасыратын түгі жоқ, қазақ жігіттерінің бойында нағыз еркекке тән қасиет азайып барады. Бірі жеңіл жолмен ақша табуды көздейді, енді бірі тіптен ақша таппай, әйелінің мойнында отырсам дейді. Былайша айтқанда, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргенді ұнатады. Мен әкесіз өскен қызбын, сондықтан анам екеуміз ешқашан қол қусырып, еңбексіз отырған емеспіз. Өзім оқып, өз күшіммен оқуға түстім. Болашақ жарымның да бойынан сондай қасиеттерді көргім келеді. Алайда, өкініштісі, бүгінгі ер-азаматтар мүлде олай емес, көп сөйлейді, іске жоқ»,– дейді бойжеткен.
Бойжеткеннен, сөз арасында «шетел азаматы ұсыныс жасаса, жат жұрттықпен шаңырақ көтеруге дайынсыз ба?» деген сауал да қойып үлгердік. Айтуынша, «ұсыныс болса, ол шетелдікке тұрмысқа шығуға қазірдің өзінде әзір» екен.
Мен кішкентайымнан анама өлсем де қазақ жігітіне тұрмысқа шықпаймын деп айтатынмын. Қазақтың жігітінің бірі – өз әкем. Туғанымнан мені бір иіскеп, іздеп келген емес. Мүмкін сол реніштің соңы осындай жек көрушілікке алып келген шығар. Әрине көпке топырақ шашуға болмайды, жақсы азаматтар да бар. Бірақ олар өте аз. Дәл қазір шетел азаматы тұрмысқа шақырса, шаңырақ құруға дайынмын. Сол жолда тіпті ағылшын тілін де оқу үстіндемін. Шетелде оқуымды жалғастырып, сол жақта қалу сияқты арманым бар. Бәрі Алланың қолында, тағдыр қалай жазылса, солай болады»,-деп әңгімесін аяқтады ару.