«Отан отбасынан басталады» дейді бабаларымыз. Яғни жанұядағы жарасымды тірлік еліміздің тұғыры берік, мәңгілік ел болуына үлесін қосары сөзсіз.
Отбасылық құндылықтарды дамытуға республикамызда қоғамдық ұйымдар да белсенді қызмет етіп келеді. Ақ Жайық өңіріндегі сондай ҮЕҰ-ның бірі - «Ақ Отау» отбасы орталығы.
2002 жылы құрылған бұл орталық бүгінге дейін 60-тан астам түрлі жобаларды жүзеге асырды.
- Біз еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейінгі аралықтағы адамның барлық тобымен жұмыс істейміз. Яғни балабақша-мектептермен бірлесіп бүлдіршінің бақытты балалық шағын қалыптастыру, жастарға уақтылы отбасын құру, шаңырақ көтергенннен кейін онда орын алған түрлі мәселелерді шешу, қиындықтарды жеңу, жасы ұлғайған адамдарға олардың әлі қоғамға, көпшілікке керек екенін сезіндіру бағытында кеңестерімізді беріп, тиісті іс-шаралар ұйымдастырамыз. Бұл шаралардан тағдыр тәлкегіне ұшыраған жандар да тыс қалмайды,-дейді «Ақ Отау» отбасы орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Исқалиева.
Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жастардың уақтылы отбасын құрмауы. Соған орай орталық жанынан «Бақыт кілті» атты танысу клубы құрылды. Клуб жастарды тек таныстырып қоймай, олардың отбасы болып қалыптасып кетуіне де жәрдем береді. Осы бағытта түрлі мониторингтер жүргізеді. «Біз сауалнама жүргізген кезде Оралдағы 100 отбасының үштен бірінде уақты келіп, яғни 25-40 жас аралығында үйленбей жүрген баласы, не тұрмыс құрмай отырған қыздары барын білдік,-дейді Алтынай Ғалымқызы.-Осы көрсеткіштен-ақ қоғамымыздағы жағдайды бағамдауға болатын сияқты. Бұл мемлекеттіміздің үлкен әлеуметтік мәселесі. Мысалы қазір мемқызметте, мектептерді, оқу орындарында қаншама қыз балалар бар тұрмысқа шықпаған. Сотқалдай жігіттер жүр, отбасы болмағасын жауапкершіліктің не екенін жөнді түсінбейтін. Соларды көргенде жүрегім аурадым. Олардың көбі тапқан ақшадарын қыдыруға, не түрлі несиелерін жабуға жұмсап жүр. Негізі ол қаржылар өз шаңырағын дамытуға, балаларын киідіріп-ішіндіруге жұмсалуы керек еді ғой. Бабалармыздан мирас болып қалған мына ұлан-ғайыр жерді ертең кім иеленеді, кім қорғайды?! Еліміз үшін, ұлтымыз үшін маңызды осындай мәселелердің бір парасын шешуге қоғамдық ұйымдар біраз тер төгіп жүр. Сол төгілген тер ақталса, біздің арманымыздың орындалғаны».
Ернар ХАЙДАР