$ 498.34  519.72  4.85

Тіл жанашырлары – ел жанашырлары

Осыдан алты жыл бұрын оралдық оқытушы-ғалымдардың бастамасымен құрылған БҚО «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі Ақ Жайық өңірінде мемлекеттік тілдің қанат жаюына көп үлесін қосып келеді.

2012 жылы аталмыш бірлестік БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Мемлекеттік тілге қоғамдық қолдау тақырыбындағы ақпараттық-насихаттау» жұмыстарын жүргізіп, қоғамдағы мемлекеттік тіл саясатының дамуына біраз ықпал жасады. Ал келер жылы өткен «Сауатты жаза білейік!» атты акциясына тіл жанашырлары жоғары баға берді. Акция көлемінде облыс орталығындағы 50 мекеменің маңдайшасы мен жарнама материалдарының тілі, жазылу емлесі қарастырылып, нәтижесінде 34 мекемеге қоғамдық бірлестік атынан арнайы хат жолданып, қателіктері көрсетілді, ескерту жасалынды. Артынан бұл олқылықтар жойылды.

Көрші елдердегі, соның ішінде Ресейдегі қандастарымыздың тілдік ахуалы көпшілік алаңдап отырғаны анық. Соған орай БҚО «Қазақ тілі» қоғамымен қазақ тілін үйрену және ұлттық мәдениетті сақтау, дамыту мәселелері бойынша «Ұлттық тіл мен мәдениетті оқыту және насихаттау» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Оған Ресейдің Самара, Орынбор, Волгоград, Саратов, Астрахан губернияларындағы қазақ ұлттық-мәдени орталықтарының мамандары қатысты. Бұл шараға келген Орынбордағы «Атамекен» қазақтар қоғамының төрағасы Бисенғали Ғаббасұлы семинардан үлкен әсермен оралғанын айтады. Осы әсерімен және жиын барысында берілген ақпараттық-әдістемелік материалдармен орынборлық қазақтармен, соның ішінде жастармен бөліскен. Әлі күнге дейін олар БҚО «Қазақ тілі» қоғамымен жақсы байланыста.

Арталмыш қоғамдық бірлестік облыс орталығында көрнекі құралдардың мемлекеттік тілде сауатты жазылуына көп тер төкті. Мәселен, Орал қалалық әкімдігімен бірлесіп ақпараттық-жарнамалық материалдардың заңға, тілдік талаптарға сай жазылуын бақылау, әдістемелік көмек беру бағытында түрлі акциялар өткізді. Акция барысында ақпараттық-жарнама иелерімен кездесіп, оларға ҚР «Тілдер туралы» Заңының 4, 21-баптарын түсіндіріп, мемтілді дұрыс қолдануға шақырылды. Жалпы бұл шара барысында еріктілер тобы құрылып, қаладағы басты даңғылдар мен үлкенді-кішілі көшелер бақылауға алынды. «Қоғамдық ұйымның бұл шарасына біз де атсалыстық. Соның нәтижесінде шаһардағы «тілі сақау» жарнамалар біраз азайды» дейді Орал қаласындағы ардагер журналист Амантай Боранқұл.

Бұл ұйымның ұйытқы болуымен жүзеге асқан үлкен жоба - «Мен мектепке барамын!» атты шарасы. Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен бірлесе өткізілген шара мемлекеттік тіл мен мемлекеттік тілде білім беретін білім ошақтарының беделі мен орнын қоғамда насихаттау, бүлдіршіндерді қазақ мектептеріне тарту, мемлекеттік тілдің балабақшадан бастап қанат жаюуына ықпал ету, тіл оқыту саласындағы инновациялық үрдістерді ынталандыру, тиімді әдістемелік оқу құралдарын шығару және шығармашылықпен айналысатын ұстаздар мен тәрбиешілерді қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Сол кезде Орал қаласындағы №21 «Росинка» балабақшасында қызмет еткен Жадыра Қыдырбайқызы бұл жобадан соң балабақшада мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңігенін, бүлдіршіндерді қазақ мектептеріне баруы артқанын айтады.

Қорыта айтқанда, аталмыш қоғамдық бірлестік ф.ғ.к., доцент Алтынбек Әбділмановтың төрағалығымен өңірдегі тіл мен мәдениетке, білім беру мен тәрбиеге қатысты көптеген күрделі де қомақты мәселелерге араласып келеді. Соның ішінде мемлекеттік тілді оқыту, мемлекеттік тілдің сауатты да сапалы қолданысын насихаттау, қорғалу мәселелерімен үнемі айналысып жүр. Өңірдегі ономастика, терминология, терминография, қазақ тілін латын графикасына көшіруді көпшілікке ұғындыру секілді маңызды бағыттардағы жұмыстар да назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары