$ 442.05  474.14  4.74

БҚО-да 45 мың гектар жайылымды суландыруға мүмкіндік бермек

Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі кешегі кеңес заманында Орал өңіріндегі мал шаруашылығының дамуына айтарлықтай ықпал еткен еді.

Ақжайық ауданының аумағындағы орналасқан бұл су жүйесінің аумағы 32 шақырымды құрайды. Ол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында істен шыққан еді. Қазір оны қайта қалпына келту жұмыстары басталып жатыр.

- Облыс әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында Ащы-Азнабай-Тайпақ суару-суландыру каналы және Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесі (Аяқ су қоймасына) нысандарының техникалық жағдайы зерттелді. Қазіргі таңда Ащы-Азнабай-Тайпақ каналын іске қосу үшін каналды қайта қалпына келтірумен қатар, су көзін анықтау жұмыстары жүруде. Ал Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру үшін бөгет, екі қақпалы су жіберу ғимаратын қайта жаңғырту керек болады. Тасқын суларды жинақтау және тарату, шалғайдағы жайылымдарда мал суаратын суландыру құрылғыларын (құдықтарды) қалпына келтіру және жетілдіру бойынша Үкіметпен жасақталған жоспарға облысымыздан Азнабай-Тайпақ суландыру жүйесінде орналасқан Аяқ су қоймасының бөгетін қайта қалпына келтіру жұмысы енді. Бұл жұмыстарды орындау үшін қажет қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Жайықтың сол жағалауында орналасқан осынау су жүйелері қалпына келсе 15,5 мың га көлтабанды суармалы жерді, 45 мың га жайылым жерлерін суландыруға мүмкіндік беріп, мал шаруашылығының дамуына септігін тигізеді,-дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев.

Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламановтың сөзіне қарағанда, аталмыш суландыру жүйесін қалпына келтіру мақсатында жобалық-сметалық құжаттама дайындауға 61 млн. теңге қаражат бөлініп, мердігер анықталды. Көп кешікпей жөндеу жұмыстары басталмақшы.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары