$ 481.84  531.33  5.07

«Ұят жағдай...»: Балаларын қазақ тілінде сөйлете алмаған ана ұлт жанашырларына үндеу жолдады (ВИДЕО)

Балаларын қазақ тілінде сөйлете алмаған Астана тұрғыны Бақыт Саяқова ұлт жанашырларынан көмек сұрады. Айтуынша, екі қызын қазақ балабақшасына бергенімен де, олардың өз тілінде сөйлеуге құлқылары жоқ екен. Өйткені ондағы балалардың барлығы өзара орыс тілінде сөйлесетін көрінеді.  

Осыған байланысты шыр-пыр болған ана өзінің ұсынысын жоғарыда отырғандарға видеоүндеу арқылы жеткізді.

«Сәлеметсіздер ме! Тікелей эфир арқылы қоғам белсенділері мен ұлт жанашырларынан көмек сұрағалы отырмын. Мендегі мәселе: екі қызым орысша сөйлейді, қазақша сөйлеуге құлқы жоқ. Балабақша қазақша болғанымен, ондағы балалар бір-бірімен орысша сөйлеседі екен. Бұл мәселелені шешудің жолы: қазақ тілінде мультфильм көрсететін канал болса деймін. Себебі, бала қай тіліде мультфильм көрсе, соған бейім болып өседі екен. Ал бізде тек қазақ тілінде мультфильм көрсететін канал жоқтың қасы. Ал «Балапан» каналын мектеп жасына дейінгі жастағы балалар көрмейді. Ондағы бағдарламалар мектеп жасындағы балаларға арналған. Өз үйінде балаларына қазақша сөйлете алмады деген ұят жағдай. Бірақ «Ауруын жасырған өледі» дейді. Осы мәселені жоғары деңгейде көтеріп, барлығымыз қазақ тілінің дамуына үлес қоссақ деймін. Сол себептен басымдағы жағдайды айтып, сіздерден көмек сұрап отырмын», – дейді екі баланың анасы.

Сондай-ақ, Бақыт Саяқова бұл мәселені өткен жылы да көтеріп, тиісті жерлерге хат жолдаған. Алайда, еш нәтижесіз қалыпты. Басқа амалы қалмаған ана енді көпшіліктен қазақ тілінің  дамуына үлес қосуларына шақырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары