Жасыратыны жоқ, кез-келген журналист дін тақырыбында көсіле алмайды. Оған тек журналистік машық қана емес, сондай-ақ, діни білім де керек. Өйткені, дін мәселесі қашан да өте нәзік әрі күрделі болып келген. Журналист бұл тақырыпта жазбастан бұрын экстремизм мен терроризмнің не екенін, олардың қатарына қандай топтардың жататынын жақсы білуі қажет.
Сондықтан, Батыс Қазақстан обылысындағы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» жергілікті журналистерге арнап оқыту семинарын өткізді. Оған ҚМДБ-нің баспасөз хатшысы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Ағабек Садықов та қатысқан болатын. Семинар тақырыбы – «Діни ақпаратты таратудың әдістері мен жолдары және мақала жазу».
Аталған тақырыпта дәріс алуға келген журналистер қарасы көп болды. Өйткені, расымен де тілшілер арасында дін тақырыбында ойын оңай жеткізетіндері көп емес.
Семинар мақсаты – дін тақырыбында журналистердің біліктілігін арттыру, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтып, діни ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету.
Семинар барысында мақала жазу мен таратудың теориялық (анықтамалар, шешімдер, концепциялар, заңдар, құқықтық актілер және т.б.) және практикалық (жаттығулар, мысалдар, пікір алмасу, жазылу, сөйлеу, брошюралар) әдістері қарастырылды. Дін мамандары журналистерге жалған ақпарат пен шынайы ақпаратты қалай ажырату керектігін түсіндіріп, мақала жазуда мысалдар келтірді.
«Мақала жазбастан бұрын «мен оқырманға не айтамын? Оларды қандай тақырып қызықтырады?» деп ойлану керек. Ақпаратты тексермей жариялай салу – қоғамда үлкен дүрбелең туғызуы да мүмкін. Тіпті, сен ол ақпаратыңды жоққа шығарып жүз рет мақала жазсаң да бірінші айтылған ой жұрттың көңілінде қалып қалады. Осылайша журналист қоғамда теріс пікір қалыптастыруы мүмкін», - дейді А.Сыдықов.
Сондықтан, журналистер дәл осы дін туралы мақала жазар кезде ондағы ақпараттың шынайылығына ең алдымен көз жеткізіп алулары тиіс.