13.09.2018, 09:56

«Ол тыржалаңаштанып тастаған»: Алматылық ШҚО-да 6 жасар қызды ер адамның зорламақшы болғанын айтты

Алматы тұрғыны Светлана Китченко 6 жасар жиенін ер адамның зорламақшы болғанын NUR.KZ порталына айтып берді.

Оның айтуынша, бұл оқиға 11 қыркүйекте ШҚО Үржар ауылында болған. Мектептен үйге келген 6 жасар жиені ауладағы ойын алаңына шығыпты. Сол уақытта бейтаныс ер адам қызға өзінің адасып қалғанын айтып, көмек сұраған.

Бүлдіршін басында жауап бергісі келмепті. Алайда, ер адам оны алдап сөзге тартып алқапқа қарай ертіп әкеткен. Қыз қарсылық білдіргенімен, әлгі оның сөзіне құлақ аспапты.  

Светлананың айтуынша, алқапқа жеткенде ер адам кішкентай қыздың көзінше тырдай жалаңаш шешініп тастаған.

«Жиенім оның жалаңаштанып тастағанын көріп шошып кеткен. Көзін жұмып, жан ұшыра айғайлап жіберіпті. Сол мезетте қыздың шыңғырған дауысын естіген екі ер адам жүгіріп келген. Солардың арқасында қылмыскер ойындағысын іске асыра алмаған», – дейді Светлана.

Кейіннен Светлана полиция қызметкерлерінен әлгі адамның 1985 жылғы екенін және осыған ұқсас қылмысы бойынша бұрын да ұсталғанын білген.

«Полиция қызметкерлері айыпталушыны сотқа дейін тергеу изоляциясында ұстаудың еш негізі жоқтығын айтады. Себебі жиенім өзіне зорлық көрсеткісі келгенін айта алмайды. Қатты қорқып қалған. Енді қылмыскерді бостандыққа жібере салуы мүмкін. Бірақ ертеңгі күні ол біреуге де зиянын тигізетіні белгілі ғой», – деп сөзін аяқтады Светлана.

Алайда, қыздың туыстары айыпталушының қылмысы дәлелденіп, өзіне тиісті жаза алатынына үміттеніп отыр.