$ 494.87  520.65  4.91

Жамалиевтің отбасы жәрдем сұрап отыр

Өткен жұмада ғана нүкте қойылған «Әліби ісіне» қатысты дау тағы жалғасын тапты. Бұл жолы, керісінше, сотталған кәсіпкердің туыстары халықтан көмек сұрап отыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Соттың үкімімен келіспеген олар Қайрат Жамалиевті қолдау үшін «Инстаграм» әлеуметтік желісінде парақша ашып, ғаламтор арқылы қол жинауға кіріскен. Бір қызығы, бұрын жас жігітке тізе батырған бизнесменді жерден алып жерге салған жұрттың біразы енді оны жақтай қалыпты.

Ал кейбіреулер мұның қоғамдық дау тудыру үшін әдейі ұйымдастарылды деген пікір жазған. Осы хикаяның бас кейіпкерінің жұбайы журналистерге сұхбат берді.

Бейнекамера көрсе, алыстан қашып тілшілермен тілдеспейтін Алена бұл жолы өзі ашылып сұхбат берді. Жамалиевтің жұбайының ойынша, судья күйеуіне тым ауыр жаза кескен. Әрі миллиардтарға бағаланған барлық дүние-мүлкі де заңсыз тәркіленді дейді ол.

«Судья күйеуіме әділетсіз жаза кесті. Ұзақ жылға қамағаны былай тұрсын, екеуіміз 20 жыл бойы бірге тапқан дүниемізді мемлекеттің меншігіне өткізіп тастады. Мен оның заңды әйелімін. Сот осыны ескеріп, мүліктің жартысын маған қалдыруы керек еді. Балаларымды енді қалай асыраймын?», — дейді Жамалиевтің жұбайы Алена Жамалиева.

Бұдан бөлек, бұрын жарияланбаған отбасылық альбомы да осы парақшада. Қайрат Жамалиевтың қыздарын құшақтап түскен суреттері де осында. Тіпті кәсіпкердің анасының еңіреп жылаған видеосы да осында жүр.

Қайрат Жамалиевті қолдау үшін ашылған бұл парақшаға бір күнде 5 мыңға жуық адам тіркеліп үлгеріпті. Елге «Тоқал дауы» деген оқиғамен танылған Қайрат Жамалиев өткен жұмада ғана 13 жылға сотталып, оның барлық дүние-мүлкі тәркіленген болатын. Ал оған Әліби Жұмағұловты заңсыз қамауда ұстап, ұрып-соғып, тіпті сексуалдық сипатта қысым көрсетуге көмектескен сыбайластарының бірі 12 жылға, екіншісі 8 жылға бас бостандықтарынан айырылғаны мәлім.

Осылайша Қайрат Жамалиев екі ай бойы жабық режимде өткен сот процесінен кейін қатаң тәртіптегі колонияға қамалды. Күйеуі жатқан түрмеге  кеше барып қайтқан Алена Жамалиева енді аппеляциялық шағым түсірмек.

Қазір қамалған кәсіпкердің адвокаты сот үкімімен толықтай танысып жатыр. Соған қарағанда, күллі елдің назары ауған бұл оқиғаның әлі де біразға созылатын түрі бар.

 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары