$ 447.4  477.55  4.76

Экологияға бей-жай қарауға болмайды

Оралда БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығы деген бірлестік бар. 2000 жылы құрылған бұл қауымдастық Ақ Жайық өңірінің экологиясын жақсарту бағытында біраз тер төкті.

Орал қаласының әкімдігі мен аталмыш экологиялық қауымдастықтың «Орал – ТМД елдері ішіндегі ең таза және абаттандырылған қала» атты бірлескен жобасының сәтті жүзеге асқаны сол, шаһар ТМД елдерінің ішіндегі ең жасыл қала атанған болатын.

Қауымдастық президенті Ғазиз Усағалиұлының айтуынша, қауымдастық қоршаған ортаны қорғау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қоғамдық экологиялық сараптама ұйымдастырады. ҚР Экология кодексінде көрсетілген құқықтар мен мүдделердің сақталуын қадағалайды. Бұл қоғамдық бірлестікте 30-ға жуық маман жұмыс жасайды. Қазіргі таңда олар Орал мен Ақсай қалаларындағы пәтер иелері кооперативтері арасында «Ең үздік ПИК» аталымы бойынша байқаулар ұйымдастырып жүр. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларда да осы бағыттағы акциялар, байқауларды жиі өткізеді.

– Кей тұрғындар ауласының шашылып жатқанын ПИК қызметкерінен көреді. Ішкен-жеген тамағының қалдығын тастап отырған сол ауланың тұрғындары екенін қаперлеріне алмайды. Өндірістік мекеме айналасының тазалығы да сол мекеменің басшылығына тікелей байланысты. Кейбір тұрғындар үйінен шыққан қоқысын қоқыс жәшігіне жеткізбей лақтырып кетеді. Көптен бері осы мәселемен де айналысп келеміз. Түрлі шаралар өткіземіз, көше тазалығын сақтау мақсатында брошюралар, ескертпе қағаздар үлестіреміз. Нәтиже жоқ емес. Бұрынғымен салыстырғанда мұндай әрекеттер азайып келеді.

Бүгінде біз Орал қаласының Зашаған кентіндегі Коминтерн елді мекеніндегі Аниськин көлінің маңының экологиясына байланысты дабыл қағып жүрміз. Бұрын бұл көлден адамдар балық аулап, маңынан құс ататын. Көлдің арнасы қар мен жаңбыр суынан толатын еді. Қазір мұнда бақа-шаян ғана қалыпты. Айналасы қоқысқа толған. Бұл – экологиялық үлкен мәселе. Осы орайда біз жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жиналыстар өткізе бастадық. Жасалған жұмыстар нәтижесін береді деп сенемін, – дейді Ғазиз Усағалиұлы.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары