$ 494.87  520.65  4.91

Мүгедек жандарға қамқор болған ұйым

Желтоқсан айында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толмақшы. Мерейлі жылға байланысты Ақ Жайық өңірінде біраз іс-шаралар өтпекші.

Сол іс-шараның бірі - қазан айында болатын облыстық шығармашылық фестивалі. Эстрадалық вокал, көркем сөз оқу, музыкалық аспаптарда ойнау, көрме жасақтау сынды аталымдардан тұратын өнер сайысына қатысуға ниет білдіріп отырғандар аз емес. Қазірдің өзінде 60 шақты мүмкіндігі шектеулі жан онда бақ сынауға ықласты.

- Біз құрылған жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылығын шыңдау бағытындағы шараларды тұрақты өткізіп келеміз. Бірінші кезекте 12 аудан және Орал қаласындағы мүгедектер арасында, яғни төменгі буындарындағы көркемөнерпаздар байқаулары, көрмелер ұйымдастырылады. Оған 500-ге жуық талантты өнерпаздар қатысады. Жеңімпаздар облыстық фестивалға жолдама алады. Фестивалға облыстық арнаулы мектеп-интернат түлектері байқаудан тыс шақырылады. Мұндағы мақсат – өнерлі жастарды анықтау, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдени өмірге кеңінен қатысуларына ықпал жасап, оқуына, өнерлерін жалғастыруға көмектесу,-дейді «Батыс Қазақстан облысы мүгедектерінің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жұмажан Қожжанов.

Қоғам облыс бойынша 23 684 әр түрлі санаттағы мүгедектің мүддесін қорғауға, қоғамда өзін еркін сезінуіне мүмкіндік туғызуға ұйытқы болып жүр. Осынау мүмкіндігі шектеулі жандардың жартысынан астамы облыс орталығында тұрады. Бұл ерікті қоғам болғандықтан оның құрамына кіру әр адамның жеке ісі. Қазір аталмыш ұйымның Орал қалалық бөлімшесінде 1,7 мың жан есепте тұр. Бөлімше төрағасының орынбасары Ерген Бекарыстановтың айтуынша, қоғам мүшелері біраз игілікті көріп жүр. Мәселен, жыл сайын күз айларында әлеуметтік жағынан аз қамтылған мүгедектердің қысқа азық-түлік, әсіресе бау-бақша өнімдерін алу үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Осындай санаттағы жандардың саны 1,3 мыңға жуықтайды. Қазіргі таңда солардың құжаттары тексерілуде. Егер құжаттары талапқа сай болса, олардың әрқайысына 5 мың теңгеден жәрдемақы берілмекші. Мүгедектер мұңаймауы үшін атқарылатын өзге де ізгі шара көп.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары