Жаңа оқу жылы қарсаңында еліміздегі мектептерде тағы да хиджаб дауы өршитін түрі бар. Жыл сайын билік тарапынан да, имам-молдалар тарапынан да халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, «діндар» ата-аналар кішкентай қыздарын хиджабқа орап, мектеп формасын кигізуден бас тартып келеді. Мұндай жайттардың соңы былтыр Ақтөбеде сотқа ұласып, заңға бағынғысы келмеген ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын. Соған қарамастан, дәстүрлі емес исламды ұстанатын қазақстандықтар әлі де болса өз райларынан қайтар емес. Яғни, биыл да мектеп табалдырығын біраз оқушы діни киімде аттауы мүмкін, оған әрине мектеп әкімшілігі рұқсат берсе…
Жә, айтқымыз келгені бұл емес, тек елдегі діни ахуалға алаңдаулымыз. Қанша жерден ахуал тұрақты дегенімізбен, екі жыл бұрынғы Ақтөбе мен Алматыда жасалған лаңкестік оқиғалар естен шыға қойған жоқ. Оған лек-легімен Сирия мен Иракқа соғысқа аттанған жас жігіттерімізді қосып қойыңыз.
Өкінішке қарай, алдыңғы жылы Ақтөбеде қолына қару алып, бейбіт тұрғындарға оқ атқан ондаған экстремистің барлығы тепсе темір үзетін жас жігіттер. Бүгін әңгімені осы жастарымызды діни экстремизмнен сақтау мәселесіне арнағымыз кеп отыр.
Қазақстандық жастар жаппай діни ағымдардың жетегінде кетіп жатыр деп айтудан аулықпыз әрине. Дегенмен, уахабизм-салафизм секілді дәстүрлі емес ислам ағымының қатарына қосылып жатқандардың дені жасы отызға толмаған қыз-жігіттеріміз екен. Теологтардың айтуынша, олар әдетте діни білімсіздіктен және жоқшылықтан осындай жат ағымдардың уағызшыларына алданып қалатын көрінеді.
Ал, енді осы жастарымызды түрлі діни идеологиялардан қалай сақтаймыз? Апта сайын, ай сайын өтіп жатқан дөңгелек үстелдер мен семинарлар, түрлі діни форумдар өскелең ұрпақты діни ағымдардың идеологиясынан қорғай ала ма? Ол жайын дін мамандарынан сұрап көрдік.
Түркістан облысы бойынша «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» МКМ-нің өкілі, теолог Мәди Бесбаевтың айтуынша, елдегі діни ахуал, әсіресе жастар арасындағы жағдай дабыл қағатындай деңгейде емес. Десе де, ол жағдайды үнемі бақылауда ұстаған жөн деген пікірде.
«Жалпы, еліміз бойынша алар болсақ, діни ахуалды тұрақты деп айтуға болады. Иә, діни ағымдар бар, дін атын жамылған секталар мен миссионерлер де бар. Олармен Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен құқық қорғау органдары тынбай күрес жұмыстарын жүргізіп келеді. Дін мамандары да өздеріне тиесілі функцияны атқарып отыр, яғни халық арасында түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Салафизмге заңмен тыйым салынбағандықтан, бұл ағымды ұстанушыларға қарсы заң аясында әзірге шара қолдана алмайды. Алайда, олардың уағыздарында экстремизм мен терроризм насихатталса дереу заң шеңберінде жазаға тартылады», - дейді теолог.
Оның айтуынша, деструктивті діни ағым өкілдері жастарды мешіттен және спорт залдарынан іздейді екен.
«Мешітке оқушы балалар сабақтан қашып немесе сұранып жұма намазға келеді. Оны жасыра алмаймыз. Имам-молдалар да оларға кет деп кеудесінен итере алмайды. Ал, теріс діни ағым өклідері болса осындай мүмкіндіктерді мүлт жібермеуге тырысып, әлгі оқушыларды өзіне баурап алуға тырысады. Оларға алдымен жағымды әңгімелер айтып, керемет уағыздар айтып, мешітке жиі келуге үгіттейді. Ал, тағы бір-екі кездесуден кейін өз жамағаттары жиылатын орталыққа шақырып, оқушының мәселесін біржола шешеді. Дәл осы тектес жайттар спорт залдарында, яғни спортшылардың арасында да орын алып келеді. Мысалы, теріс діни ағым өкілдері өз араларындағы жастау біреуін таңдап алады да, оны белгілі бір спорт секциясына спортпен шұғылдануға жібереді. Әлгі жігіт бірнеше уақыт жаттығу жасап, өзге спортшылармен танысып, етене араласа бастайды да, оларды намаз оқуға үгіттейді. Спортта жолың болу үшін құдайға жалбарыну керек, жұмаға бару керек, 5 уақыт намаз оқу керек деген сарындағы уағыздарын жиі айта бастайды. Өздеріңізге мәлім, спортшылар аңғал боп келеді ғой, әлгі «діндардың» айтқанына иланып, онымен бірге еріп мешітке бара бастайды. Осылайша, досының уағыздарын күніге тыңдап, өзінің теріс ағымға қалай кіріп кеткенін білмей қалады. Өкінішке қарай, жастарды дәл осылай теріс ағымдарға тарту үрдісі бірнеше жылдан бері жалғасып келеді», - деді Мәди Бесбаев.
Оның айтуынша, деструктивті саналатын ислам ағымдарына, оның ішінде салафизмге де тыйым салмай, жастарымызды теріс идеологиялық күштерден толыққанды сақтап қала алмаймыз.
«Ең алдымен ислам атын жамылған дәстүрлі емес ағымдарға заң шеңберінде тыйым салыну керек. Қорқудың қажеті жоқ, әлемнің өзге де елдерінде дәл осындай тәжірибелер болған. Көрші Өзбекстанды, Түркіменстанды алып қараңыздар, екеуінде де салафизмге шектеу қойылған. Есесіне елде экстремизм, діни радикализм сынды проблемалар жоқтың қасы. Алғашында оларда да діндарлар наразылық білдірген болар, бірақ бәрі бейбіт жолмен шешілді ғой?! Демек, біз де радикалдардың саны артқанын күтіп отырмай, қазірден бастап тыйым салсақ, қауіптің алдын аламыз. Бұл расымен де қауіпті. Болашақ жастардың қолында дейміз, ал, ертең сақалы ұзын, балағы қысқа жастар билікке келсе не болады, діни республика орнатады ма? Оған дейін алып бармауымыз керек, бізге елін сүйетін, ұлттық құндылықтарын бағалай білетін, салт-дәстүрімізді сыйлап, оны ұстанатын, ғылым мен білімді жақсы көретін, технологияның тілін меңгерген жастар қажет. Исламды ұстанғысы келсе өзіміздің дәстүрлі исламымыз бар, сол жолмен жүрсе адаспайды. Міне, жастарды теріс діни ағымдардан сақтаудың жолдары осы», - деп сөзін түйді Түркістан облысының теологы.
Осы ретте айта кету керек, Қазақстаннан Сирия мен Иракқа соғысуға кеткен лаңкестердің дені жастар. Өкінішке қарай, олар жат елге жалғыз кетпей, өз отбасыларын да ерте кеткен. Ресми деректер елімізден Таяу Шығысқа аттанған ер азаматтардың саны 500-ден кем емес дегенді айтады. Оған отбасы мүшелерін тағы қосыңыз.
Қазіргі таңда ел үкіметі, құзырлы сала мамандары жастарымызды теріс діни ағымдардан сақтаудың жан-жақты шараларын қолға алған. Енді сол шаралар тек нәтижелі болса екен деген тілек бар.
Ақбота Мұсабекқызы