Кез-келген мемлекетті, қоғамды өркениетке жетелейтін негізгі күш – дені сау ұрпақ екені белгілі. Жастардың тәні, жаны сау болып, ғылым мен технологияны жетік меңгерсе кез-келген уақытта топ бастап, артынан ерген қауым елді тек алға жетелейді.
Осыдан да болар, Қазақстан үкіметі жастардың білім алып, ғылымды меңгеруіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруына ерекше көңілмен қатар, жыл сайын мол қаражат та бөліп келеді. Тек үкімет қана емес, қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар да жастардың матери және рухани дамуы үшін түрлі шаралар өткізумен айналысуда. Мәселен, бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Jalyndy JaStar» фестивалі өтті. Шараның басты мақсаты – мәдениет пен шығармашылықты байланыстыра отырып, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Мәдени және спорттық фестиваль биыл Астана күнінде қайта ашылған «Жетісу» саябағында өтті. Оған қала тұрғындары мен қонақтары жиналып, дастардың өнерін тамашалады. Жастар келушілерге арнап рэп оқып, breakdance биін биледі. Сонымен қатар, BMX cross пен графити бағытындағы сурет салудағы шеберліктерін ортаға салды.
«Нұр Отан» партиясының Астана қаласы бойынша филиалы мұндай шараларды алғаш рет өткізіп отырған жоқ. Бұған дейін де елорда мен Қазақстанның өзге қалаларында партияның өкілдері жастардыынталандыратын түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келді.
– Қазіргі таңда жастар түрлі өнерге тәнті, оны игеріп алу жолында тер төгіп еңбектеніп жатады. Бұл көріністі көріп, қуанып қаласын. Бүгін халық 6 түрлі өнерді көру мүмкіндігіне ие болады. Біздің басты мақсатамыз – жастардың өнерге деген ұмтылыстарына қолдау көрсетіп, болашақта өз өмірлерін спортпен байланыстырғысы келетіндерге көмектесу, - деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров.
Бас-аяғы бүгінгі фестивальге 67-ден астам жас азамат қатысты. Әрқайсысы өзі шебер меңгерген спорт түрінен жарысқа түсіп, өнерлерін паш етті.
– Салауатты өмір салтын ұстану аса маңызды. Әсіресе жастар үшін. Бүгінгі фестивальде менің командамнан 10 адам қатысады. Бұл скейтбордингтің пайдасы жастар өздерін еркін сезіп, топпен жұмыс жасауды үйренеді, сондай-ақ, көздің көру қабілетіне оң әсер береді, – дейді «Скейтбординг мектебі» басшысы Антон Повеквечнов.
Бір жарым сағатқа созылған сайыста спорттың аталған түрінен өнер көрсеткен жастардың шеберліктеріне мамандар өз бағаларын беріп, үздіктерді анықтады. Жеңістің шыңынан көрінген дарын иелеріне «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы атынан медальдар, алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясы жастарды ынталандыру және ой-өрісін, білімін дамыту бойынша біршама жобаларды қатар атқарып келеді. Солардың бірегейі деп «English for jastar» жобасын айтуға болады. Оның аясында еліміздегі бүкіл аудан-ауылдың жастары ағылшын тілін тегін үйрене алады. Партиялықтар мұны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Елбасының үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асырып отыр. Жобаны жүзеге асыру үшін еліміздің түкпір-түкпіріне ағылшын тілін жақсы меңгерген еріктілер аттанады. Олардың жатын орны мен азық-түлігін партия өз есебінен көтермек. Әзірге тіл үйрететін 500 ерікті іріктеліп алынды.