Қарттар күніне орай Жезқазғанға іргелес орналасқан Кеңгір ауылындағы №5 үлгілі кітапхана-филиалында «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты тыл ардагерлерімен кездесу өтті. Концерттік бағдарламаға құрылған мәдени шараға ауыл әкімі Жанпеисов Қанағат арнайы келді.
Кездесуге «Өркен» қоғамдық бірлестігінің ақ әжелері, ауыл ақсақалдары келді. «Өркен» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Абылқасенова Бибігүл «Туған жер» әнін шырқап, қарттардың көз алдына ауыл тынысын әкелсе, «Назқоңыр» домбыра үйірмесінің қатысушылары Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» күйі ақсақалдарды терең ойға шомдырып, асқақ арманға жетеледі.
Кітапханаларды дамыту ісі және әдістемелік жұмыс бөлімінің жетекшісі Қайыргүл Егізбекова бұндай шараларды өткізу арқылы «болашақ жастарға үлгі көрсетеміз, сол арқылы жастар үлкенге - құрмет, кішіге - ізет көрсетуді бойларына дарытады» дейді.
Кеш барысында ауыл әкімі Қанағат Жанпеисов қарттарымызды бүгінгі мерекелерімен құттықтап, оларға зор денсаулық тіледі. Қазыналы ардагерлердің қоғамдағы рөлінің ерекше екенін атап өтті.
Сондай-ақ шараға кітатхана оқырмандары арнайы өнерін көрсетті. Солардың бірі Жанерке Байғараева «Ата-әже» әнін орындап, ардагерлердің көзіне жас үйіртті. Ал №2 мектептің оқушысы Мирас Шаймерденов ата-әжесіне арнап өз жанынан шығарған қара өлеңін оқып берді.
Ауыл ардагері, зейнеткер Оразбай Арыстанбаев арнайы сөз сөйлеп, алғысын айтып, көпке бата берді. Елдің амандығын тілеп, жұрттың тыныштығына тәубе етті. Тәуелсіз Қазақстанның бүгініне, болашақ жастарына деген үлкен үмітітің барын жасырмады. Қоғамның қарттарды қадірлегеніне қарап-ақ елдің ертеңін болжауға болатынын жеткізді. Ұйымдастырушыларға ардагерлер атынан алғысын білдіріп, қашан да қарияларды назардан тыс қалдырмайтын кітапхана ұжымына ерекше рахметін айтты.
Кеш соңында қарттарға мерекелелік сыйлықтар таратылды. Ал оқырмандар тек қана меркелік шарада ән мен күй тыңдап қоймай, кітапхананың асыл қазыналарымен танысуға мүмкіндік алды. Олар қазақтың салт-дәстүр, ырым-тыйымдарды насихаттайтын арнайы кітап көрмесін тамашалап, «Қазақтың бата-тілектері мен өсиеттері», «Қазақ салт-дәстүрі», «Ақ бата», Е.Мақашеваның «Келін әулет шаңырағы» атты басылымдармен танысты. Әр бетін парақтап, өздеріне керек мағлұматтарды түртіп алды.