Ел басқару ісіндегі Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың атқаратын елеулі істерінің бірі - жыл сайынғы халыққа жолдауы. Ел үшін маңызды шараның әр жылда өзіндік ерекшеліктері болатын. Биыл да осы үрдіс жалғасын тапты. 1997 жылдан бастап санағанда Елбасының қатарынан 22-ші жолдауы биыл «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбымен жұртшылыққа жол тартты. Байқап отырсақ, тақырыбының өзі Жолдаудың ауқымды міндетті арқалап тұрғандығын аңғартады. Елбасы жолдауының биылғы ерекшелігі – еркін сұхбат, сұрақ-жауап форматында, яғни жауаптылардан жауап ала отырып міндет жүктеу үлгісінде болғандығы.
Елбасы Жолдауында елдің игілігіне бағытталған бастамалардың жеткілікті екендігі белгілі. Тіпті, бұл жолдау бұрынғы жолдаулардан өзгерек дер едім. Неге? Өйткені, менің ойымша, осы уақытқа дейінгі Жолдауларда «әлеуметтік-экномикалық жаңғырту», «жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму» сияқты үлкен масштабтағы және әлемдік тенденциялар көзделген тақырыптар қозғалса, биылғы жолдауда өз еліміздің ішіндегі неше жылдан бері қордаланып келе жатқан өзекті мәселелер мен қарапайым жұртқа жетпей жатқан бағдарламалар аз айтылған жоқ. Мәселен, Президенттің бұған дейінгі 5 әлеуметтік бастамасында айтылған «7-20-25» бағдарламасының дұрыс орындалмай жатқанын Елбасы Жолдауында өзі қатаң сынға алды. Нәтижесінде осы соңғы күндері бағдарламаның жүзеге асырылуы жаңа қарқын ала бастағанына куә болудамыз.
Елбасы осы уақытқа дейінгі Жолдауларында білім беру жүйесі, білім беру саласы қызметкерлерінің мәртебесі туралы аз айтқан жоқ. Бірақ, осы Жолдауында: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп қадап айтты.Одан бөлек Жолдауда жүктелген ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру; өмір сүру деңгейін арттыру; қолжетерлік тұрғын үй; ішкі істер саласын реформалау сияқты кезек күттірмейтін мәселелер мен «Өз жеріңді танып біл», «Ауыл – Ел бесігі» сияқты жобалар халықтың табысын еселеп, тұрмысын жақсартуға бағытталғаны көңіл қуантады.
Жолдауда өзіме ерекше әсер етіп, ықыласымды аударған, тіпті, кеудеме бір үміт отын жаққан жақсы бастамалардың бірі һәм бірегейі – Елбасының келер жылды «Жастар жылы» деп ұсынуы. «Жас келсе - іске», «Асыл – тастан, ақыл - жастан», «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты – Мен жастарға сенемін» деген ұлы ұлттың ұлағатын ұққан Ұлт Көшбасшысы «келер жыл - Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұрын-соңды болмаған бастама. Бұл - еліміздегі 14 пен 35 жас аралығындағы жас қазақстандықтардың мерейін өсіріп, мәртебесін асырған тарихи шешім. Бұл – қоғамның дамуын жеделдететін жетекші күш жастар екенін білетін көреген Елбасының ерекше жақсылығы. Сондықтан, жастар, замандастар, біз - ертеңімізді ойлап, елімізді сүйіп, мұндай сәт жылда келе бермейтінін ескеріп, Президенттің бастамасын бағалап, Ұлы Даланың лайықты ұрпағы болуға барымызды салайық. Күні кеше ғана арамыздан кеткен абыз Шерхан Мұртаза «Рухы мен намысы сөнген ел – өлген ел» деген еді. Жастар, біздің рухымыз биік, намысымыз асқақ, жігеріміз жалынды шақта күнделікті өміріміздің нанын емес, мәңгілік еліміздің қамын ойлайық!Ол үшін білім алайық, өнер үйренейік, ізденейік, жаңғырайық! Осының бәріне жас шағымызда жалықпайық. Жастығында жалықпаған адам қартайғанда тарықпайтынын естен шығармайық! Ең бастысы - Елбасымыз бастап, еліміз қоштап «Жастар жылы» деп жар салып жатқан уақытта жерге қарап қалмайық, жастар!