$ 494.87  520.65  4.91

Жарық сөнбесін десеңіз...

Екі жылдан астам уақыт жезқазғандықтарды әбден әуре-сарсаңға салған жарық дауына қатысты нүкте қойылғанымен, әлі де халық арасында түсінбеушілік туындауда. Сондықтан, қазіргі таңда қаланы жарықтандырып отырған «КазЭнергоЦентр» ЖШС басшылығы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы ғимаратында жергілікті БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізді.

Сондай-ақ, кездесуге қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбаевты, «КарагандаЭнергоЦентр» ЖШС өкілі Айдын Бексұлтановты, «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС электр жабдықтаушы кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Леонид Маевскийді шақыртыпты. Ал, басқосуға «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова төрағалық етті.

Сөз кезегін алған «КазЭнергоЦентр» ЖШС бас директоры Елена Бекилдекова қала тұрғындары назарына тұтынған жарық үшін ай сайынғы төлемді жезқазғандықтар «КазЭнергоЦентрге» төлеулері қажет екендігін жеткізді. Бұл сөзін жиынға қатысқан «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС электр жеткізуші кәсіпорын директорының міндетін атқарушы да растады.

– Бүгінгі таңда біздің желілер арқылы Жезқазған қаласының тұрғындарына жарықты «КазЭнергоЦентр» ЖШС беріп отыр, – деп ресми түрде мәлімдеме жасаған ол басы даудан арылмаған «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС әлі де сот жағалап жүргенін алға тартты. Екі тараптың сотта кездесуіне 2016 жылы берілген жарық себеп болған. Яғни, осы мерзімде жезқазғандықтар үшін жарықты біз бергенбіз дегенді «ЖезказганЭнергоСбыт» басшылығы кассациялық сатыдағы сотта дәлелдемек. Көріп тұрғанымыздай арыз-шағымда 2017 және 2018 жыл мүлде көрсетілмеген. Бұл өз кезегінде күні бүгінге дейін «бізге төлеңдер» деп түбіртек таратқан «ЖезказганЭнергоСбыт» қала тұрғындарын алдап келгенін білдірсе керек. Биыл қос-қостап келетін түбіртекке тосқауыл қойылып, «ЖезказганЭнергоСбытқа» жоқ жарық үшін тұрғындардан ай сайын ақы жинауға заң жүзінде тиым салынды. Дегенмен, жезқазғандық тұтынушылардың біразы әлі де «ЖезказганЭнергоСбыттан» қол үзгісі жоқ. Ал, тағы бірі тұтынған жарығы үшін мүлде екі компанияға да төлемей отыр. Осы ретте «КазЭнергоЦентр» ЖШС бас директоры Елена Бекилдекова:

– Қалада барлығы 27 мыңнан астам абонент болса, оның 23 мыңы ғана бізбен жеке келісім-шарт жасасқан болатын. Қалған 4 мың абоненттің «тағдыры» белгісіз. Олар бұрынғыша «ЖезказганЭнергоСбытқа» төлейді не мүлде төлемейді. Түсіндіру жұмыстарын жүргізіп-ақ жатырмыз. Дегенмен, әзірге нәтижесі мардымсыз. Компания есеп-шоты ай сайынғы төлемдермен толықпауы бізге де қиындық тудырады. Тұрғындардың жағдайын ескеріп, жарықты да өшірмейтін едік, – деді. Сондай-ақ, ертеректе «ЖезказганЭнергоСбытқа» төленген төлем «КазЭнергоЦентрге» ауысқанда қарыз болып есептелмейтінін де жеткізді. Тек төленгенін растайтын түбіртектің болғаны жөн.

– Қазіргі түбіртектерге назар аударып қарасаңыздар тұтынушылардың «Жезказган-ЭнергоСбытқа» төлеп келген қаржы сомасы «анықталғанға дейінгі сома» деп белгіленген. Бұл қарыз дегенді білдірмейді. «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Істің аяқталу сәтін күтеміз. Сонда жоғарыда аталған «анықталғанға дейінгі соманы» өндірудің тәртібі де белгілі болады. Кейбір тұрғындар ұзаққа созылатын сот шешімін күтпей-ақ «ЖезказганЭнергоСбытқа» төлеген қаржыларын сот арқылы өздері өндіруде, – деді. Елена Бекилдекованың бұл сөзін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың «Әділет-2016» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Инна Харченко да растады.

– Қала тұрғындары сотта жарық мәселесіне қатысты қозғалған азаматтық істерде жеңіс тауып жатқанын көзімізбен көрдік. Және бұл жерде тұрғындардың қалтасы қағылды-ау деуге де келмейді. Өйткені, бәріңізге аян «ЖезказганЭнергоСбыт» ЖШС жарықтың кВТ-ы қымбат болды. Өндіріп алынған қаржының бір бөлігі тіпті абоненттің қалтасында қалды. Сотқа да шығын кетпейді, – деді бұған дейін бірнеше тұрғынның мүддесін сотта қорғап үлгерген ол.

Жиын соңында «КазЭнергоЦентр» ЖШС бас директоры Елена Бекилдекова келісім-шарт жасаспай, жарық үшін өтемақы төлемеген тұтынушыларға жа-рықсыз қалу қаупімен қатар, сот алдына да баруға тура келетінін ескертті. Өйткені, қарызды төлеу қашан да парыз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары