Бүгін «Қазақстан» баспасөз клубында «Көк Жайлауға демалыс орнын салуға неге болмайды?» тақырыбында жиын өтті. Аталмыш жиынға «Тауасар» қоғамдық қорының басшысы Ажар Жандосова, Экофорум Қазақстан қоғамдық ұйымдарының төрағасы Вадим Ни, «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов, журналист Вадим Борейко және БАҚ өкілдері қатысты.
Спикерлер баспасөз жиынында «Көк Жайлауға демалыс орнын салуға неге болмайды?» деген сұраққа сараптамалық жауаптар дайындап келген екен. Олардың айтуынша, Көк Жайлауға тау-шаңғы шипажайын салу ландшафтың компоненттері арасындағы ұласпалы реакцияның дамуына әкеліп, топырақ-өсімдік жабының бұзылуы сынды бірқатар зиянды жағдайлар орын алатынын атап өтті.
– Бұл ғана емес, сонымен қатар бұл жағдай жерасты және жерүсті су ағыны арасындағы арақатынастың өзгеруіне, жер қазу жұмыстарын жүргізу және тау бөктерін кесу себебінен құлап түсетін шөгінділердің түзілуіне, селдердің көптеп қайталануына, үйінділердің ағып түсуіне жәнежерүсті судың химиялық қасиеттерінің өзгеруіне әкеліп соғады, – дейді «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыдағы тамыз айында өткен кездесуде Бауыржан Байбек Көк Жайлау тау шаңғы курорты туризмді дамытудың қуатты қозғаушыларының бірі екенін айта келе, бұл жоба көптен қолдау таппаған жағдайда тоқтатылатынын айтқан болатын.
Оған Алматы әкімінің «Біз қоғамдық тыңдау өткізіп, барлық сұрақтарға жауап береміз. Әкімдіктің жұмысында негізгі қағидаттар ашықтық пен есептілік. Елбасының бес элеуметтік реформасында бірлескен және сындарлы жұмыстың, қоғамдық бақылаудың жүйелік шарттары көрсетілді. Барлық тараптар ақылға қонымды шешім шығарып, популисттік ұрандарға емес, дәлелді фактілерге сүйенуі маңызды. Қорытынды дұрыс, әрі мағыналы болуы керек. Бірақ тағы да қайталаймын, егер жұртшылық бізді қолдамаса, біз, әрине, жобадан бас тартамыз» деген осы сөзі дәлел.
Бүгінгі жиынға қатысқан спикерлерге қала басшынының осы сөзін естеріне салып, қаланың өркендегенін немесе туризмнің дамығанын қаламайсыздар ма деп те сұрадық. Сонда «Тауасар» қоғамдық қорының басшысы Ажар Жандосованың жауабы мынадай болды:
«Иә, Алматы әкімі Бауыржан Байбек мырза, бұл жобаны тоқтатуы мүмкін екенін де айтты. Дегенмен, шипажайды құрған жағдайда Кіші Алматы алқабындағы көлік ағынының өсуі Алматы-Медеу жолын кеңейтеді. Ал алқаптың төменгі бөлігінде автокөліктен пайда болған ластаушы заттар көлемінің артуы таулы-алқапты ауа айналымының кешкі және түнгі уақытта қала жағына көшуіне, ауаның нашарлауына себепші болады», - деп курорттың салынуына түбегейлі қарсылығын білдірді.
Осы орайда журналистер тарапынан «бұл әрекеттеріңіз өздеріңіз үшін, өз жұмыстарыңыздың пиары үшін болып кеткен жоқ па?» деген заңды сұрақ туындады.
Ал бұл сұрақтарға «Жасыл құтқару» экологиялық қоғамының жетекшісі Сергей Куратов: «Мысалы, мен бұл салаға ауадан түсе салған жоқпын. «Жасыл құтқарудың» бұған дейінгі де жұмыстары туралы сіздер жақсы білесіздер деп ойлаймын» деп қысқа ғана жауап берді.
Бұған дейін айтқанымыздай, тау-шаңғы курортының құрылысы басталатын жерлердің орманды алаптар басқан аумағы 21,5 гектарды құрайтын болады. Ал оның ішінде 2,3 гектар жерде табиғи ағаштар, сонымен қатар 19,2 гектар аумағында қолдан отырғызылған ағаштар болады деп жоспарланған.