Петропавл қаласында салынып жатқан Hilton қонақ үйінің құрылысы уақытынан кешігіп жатыр. Нысан өңірге Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің келуіне орай ашылуы тиіс болған деп жазады Петропавловск.инфо.
Қонақ үйдің құрылысы 2015 жылы басталған. Бұл уақытта Петропавлда Шекарааралық серіктестік форумы өтуі тиіс болған еді. Алайда, аталған жиын Астанаға ауыстырылып, нысан құрылысы баяулап қалды. Енді биыл дәл осы Форум СҚО орталығында қайта өтеді деп шешілген соң, іс-шара аясында Hilton-ның ашылуы жоспарланған болатын. Бірақ, құрылыс компаниясы үлгере алмаймыз деп ашып айтып отыр.
Инвестор Дмитрий Кошелевтің айтуынша, құрылысты жалғастыруға оның қаражаты жеткіліксіз екен. Сондықтан, форумға келген қонақтар сужаңа қонақ үйге жайғаса алмайтын секілді.
Ал, жергілікті әкімдік болса құрметті қонақтардың санын қысқартудан басқа амалымыз жоқ деп отыр.