Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және деңгейін төмендету мақсатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасау бөлімі жасақталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті жемқорлықты жою мақсатында азаматтық қоғам институттарымен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен, жастар және ардагерлер ұйымдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен, мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуде.
Жуырда департамент қызметкерлері ҚР Инвестиция және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы С.Сейтімов 120 мың теңе пара алды деген күдікпен қолға түсірді. Ол бұл қаржыны «Шымкент Газ-терминал» ЖШС-нің қызметкерінен газ құю бекетін пайдалануға рұқсат қағазын берер кезде сұраған.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары кезінде белгілі болған бұл заңбұзушылық әрекетке байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда С. Сейтімовке ҚР ҚК-нің 366-бабы 1 бөлігімен пара алу, ал серіктестік қызметкері Ж. Жүнісовке ҚР ҚК-нің 367 бабы 1 бөлігімен пара беру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
- Департамент мамандары үшін келеңсіздіктің салдарымен күресу ғана емес, оның алғышарттарын жою да аса маңызды. Оған негіз болатын себептерді, қатерлерді анықтау, сол арқылы сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету мақсатында нақты жұмыс жүргізуге бағытталған сыбайлас жемқорлық қатерлерін анықтау және талдау бөлімі құрылған. Бұл бөлімдер толығымен қалыптасып, бүгінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне соқтыруы мүмкін жағдайлар бойынша жұмыс жүргізуде, - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.