$ 441.58  480  4.86

Жаңартылған бағдарлама – жаңашылдыққа бастама

Жезқазған қалалық №13 жалпы білім беретін орта мектепте «Жаңартылған білім берудегі бағалау – жетістікке жетудің негізі» тақырыбында ата-аналарға арналған семинар-тренинг өткізілді.

Ата-аналарды инновациялық идеялармен таныстыруды, шығармашылық қабілеттерін ұштау және жаңа формациядағы бағалау түрлерін тәжірибеге енгізілуімен таныстыруды мақсат еткен жиынға 5 «Ғ», «Д», «Ж» сыныптың ата-аналары белсене қатысты. Семинар-тренингтің өтуіне сынып жетекшілері Қарлығаш Қапанқызы, Ақнұр Бақтыгелдіқызы, Ғайни Жолбарысқызы және мектеп тренері Рая Дәулетқызы мұрындық болғанын айта кеткен жөн.

Кездесу барысында білім беру жүйесінде жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны, критериалды бағалау, қалыптастырушы бағалау мен бөлім, ортақ тақырып бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалаудың тиімділігі, зерттеулер мен талдаулар бағытындағы жұмыстар, өзгерістер, жаңалықтар талқыланды.Сонымен қатар, оқушылардың білім жетістіктерін бағалаудың түрлі тәсілдері зерделеніп, мұғалімдер мен оқушылар үшін критериалды бағалаудың маңыздылығы айқындалды.

Кездесуді тиімді пайдаланған педагогтер ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты пайдалы кеңестер де беріп өтті. Атап айтқанда, жасөспірім шақтың ерекшелеріне кеңенен тоқталып, баланың бойында адалдық, көшбасшылық, білімге деген құштарлық, төзімділік пен мақсат қоя білу қасиеттерін қалыптастыру жолында ата-ана ескеруі тиіс жағдайлар нұсқалды.

Жаңартылған білім мазмұны хақында көп мағлұмат алған ата-аналар берері мол семинар-тренингтер жиі ұйымдастырылса деген тілектерін жеткізді. Өйткені, үздік отыздыққа енуді мақсат тұтқан елімізде бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру мақсатында білім саласында енгізілген жаңалық көп. Оның бәрімен жіті танысып, тиімді әрі тиімсіз тұстарын саралау үшін осындай кездесулердің өтуі маңызды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары