24.11.2018, 08:12

Алматы облысында жалғызбасты әке бұрынғы әйелінен алимент өндіре алмай отыр

Алматы облысында кәмелетке толмаған 5 бірдей баласын өзі тәрбиелеп отырған отағасы 6 жыл бұрын тастап кеткен әйелінен алимент ала алмай отыр. "Көкек ананың" берешегі 4 миллион теңгеге жуықтаған екен. Алайда, сот шешімі бола тұра ол бауыр еті балаларына бір тиын да бермеген көрінеді. Көксу ауданының 51 жастағы тұрғыны шиеттей балаларын қалай бағып жатыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

6 жыл бұрын 4 қыз бен жалғыз ұлын себепсіз тастаған әйелі туралы отағасының айтқысы жоқ, еске алғысы да келмейді. "Тауым шағылды, сағым сынды деп тағдырыма өкпе айтқан емеспін. Ер болған соң, еңсемді тіктеп, басқа түскен қиындықпен күресіп келем", дейді жалғысбасты әке. Қазір 5 баланың әкесі үшін әрбір сағат санаулы. Жұмыс істеп, ақша табудан бөлек, бойжетіп келе жатқан қыздарының тәрбиесі мен оқу үлгерімі бір өзінің мойнында.  Балаларын жалғыз бағып отырған әке үшін қыздарының орны бөлек. "Анасы қимаған жылуды өзім беруге тырысам, сондықтан, бос уақытымды қыздарыма арнаймын", дейді.      

"Қиындықсыз болмайды. Қазір өсіп келе жатқаннан кейін бұлардың сұрауы көбейеді ғой. Әсіресе, мына қыз балалардың киімі, басқасы деген сияқты. Енді, сол қиындықтан ақырын-ақырын шығып келе жатырмын" -  дейді көпбалалы әке Бақтияр Жүніс.

Қайтып келер деп үміттенген отағасы әйелін біраз күткен екен. Алайда, бұл үмітім қазір сейілді дейді. Ажырасу туралы сотқа шағым да түсірген екен. Сот шешімімен "көкек ана" аналық құқығынан айрылып, алимент төлеуі тиіс болған. 

"Бүгінгі таңда борышкердің қарызы 3 миллион 635 мың теңгеден астып тұр. Алайда, борышкер табылмай жатыр" – дейді жеке сот орындаушы Ермек Тазабеков.Алайда, 5 баланың әкесі үшін тастап кеткен әйелінен алимент өндіру басты мақсат емес. Мал дәрігерінің алатын айлығы 70 мың теңге. Мемлекет тарапынан төленетін 10 мың теңге жәрдемақы бар. Бұл қаражаттың шеттей бала-шағаға жетпейтіні түсінікті. Бірақ, қол-аяғым сау болса, ұл-қызымды асырап жеткізем. Бастысы, байлығым деп отырған балалырым аман болса дейді ол.