Күйеуінің қол көтергенінен әбден мезі болған алматылық келіншек балаларын алып, үйден қашып кеткен деп жазады Nur.kz.
«Алғашында үйленген жылдары маған қол көтермейтін. Бірақ бала пайда болғалы айғайлап, мені қорлайтынды шығарды. Қандай жағдай болмасын мені кінәлайтын. Қыздар жыласа «сен жылаттың» деп мені бас салып ұра жөнелетін. Ол ғана емес, артынша қызымды ұратын», – дейді әйел.
Әр отбасылық жанжал төбелеспен аяқталатын болған. Динараның үшінші балаға жүкті екенін білгенде күйеуі қарсы болыпты. Сөйтіп аборт жасатқан.
«Ұзақ жыл бала көтере алмай жүргенмін. Бір күні жүкті екенімді білгенде қуанып, күйеуіме айттым. Бірақ ол балаға қарсы болып, аборт жасатты. Оған 30 мың теңге кеткенін білгенде, оның сұрауынсыз ақша жұмсағаныма ашуланды. Ішімнен теуіп, қыздарымның көзінше сабады», – дейді қиын күндерін еске алған Динара.
Күйеуінің күн сайын ұрғанынан әбден мезі болған әйел, бір күнде үйден балаларымен бірге қашып кеткен. Айтуынша, қазір қаладағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыстық орталығында» екен. Түркісіб ауданындағы бұл мекемеде 50 адам жатыр дейді.