Жаңақала аудандық ерікті мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен «Бәріміз бірдейміз» шарасы өтті.
БҚО ерікті мүгедектер қоғамының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға аудандағы 60-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жан арнайы шақырылды. Шара аясында өткізілген өнер байқауына 28 адам қатысты. Олар ән салудан, көркем сөз оқуда, көрме жасақтаудан сынға түсті.
Шара барысында сөз алған Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Жаслан Нұрғожин Елбасы Жолдауында айтылғандай мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау бағытында ауданда да көп іс-шара алынып жатқанын баяндады. Мәселен, қазіргі таңда аудандағы мемлекеттік мекемелердің бәрінде дерлік пандустар орнатылған.
Жаңақала аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанованың сөзіне қарағанда, ауданда 774 мүгедек бар. Олардың көпшілігі 3-топ санатында. Яғни бұл жандардың басым бөлігі қызметте жүр. Жалпы аталмыш қоғамдық ұйымның ұйытқы болуымен мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналастырылуда. Мәселен, жыл басынан бері ауданда 2 адам әлеуметтік, 14 жан ақылы қоғамдық, 3 тұрғын тұрақты жұмысқа тұрды. Сонымен қатар бір қыз жастар тәжірибесіне тартылып, бір жігіт кәсіби оқуға жолданды. Ал аудан орталығындағы Әділхан Қабдулқадыров деген жігіт «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 3 млн. теңге несиеге қол жеткізді.
- Қайырымдылық айлығы кездінде біздің қоғам өкілдері Орал қаласындағы және Қазталов ауданы Жалпақтал ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы жерлестерімізге арнайы барды. Оларға ауылдың дәмін ұсынып, елдің сәлемі ретінде шағын концерт қойылды. Ауданымыздың хабаршы болып табылатын «Жаңарған өңір» газетіне жаздырдық. Бұл мекемелердегі 15 жерлесіміз риза болып, алғыстарын айтты. Осындай бағыттағы игі істеріміз алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді Халила Нұрсұлтанова.