$ 498.34  519.72  4.85

Азаматтық секторды дамытуда табыс көп

Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдар арасында өзара тығыз қарым-қатынас орнатылып, азаматтық бастамаларды жүзеге асыруға атсалысып жүрген қоғамдық ұйымдардың қатары жыл сайын артып келеді.

Бұл туралы БҚО әкімі Алтай Көлгінов «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында Оралда өткен форумда айтты.

Жиынға Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Асылбек Қожахметов қатысты.

–Облыста азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Мысал үшін айтар болсақ, облысымызда мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс көлемі соңғы 6 жылда алты есеге өскен. Егер 2012 жылғы 138 млн. теңге бөлініп, 120 жоба жүзеге асырылса, биыл 834 млн. теңге қаржыға 200-дей жоба жүзеге асырылуда. 2016 жылы төрт басқарма ғана қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс арқылы жұмыстанса, қазіргі таңда оның жалпы саны 32 мемлекеттік құрылымға жетті, соның ішінде алты басқармаға көбейді. Өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. Осыдан он жыл бұрын олардың саны 150 ғана болса, қазір – 655. Бұл дегеніміз – азаматтық қоғамның дамуының нақты көрсеткіші. Азаматтық секторды дамытудағы барлық қол жеткізілген табыстар – бұл біздің бірлескен еңбегіміздің нәтижесі, – деді Алтай Көлгінов өз баяндамасында.

Бұдан кейін сөз алған министр Дархан Кәлетаев барлық өңірде өтіп жатқан форум өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту, жаңа білім игерудегі маңызы зор екеніне тоқталды.

– Жалпы, республика бойынша 22 мыңнан астам ҮЕҰ тіркелген. Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, БҚО-да 717-ден астам ұйым бар. Олардың басым көпшілігі белсенді жұмыс істеп келеді. Дегенмен, базаға тіркелген заңды тұлғалардың біразы жұмыс істемейді. Яғни, республика бойынша қоғамдық ұйымдардың үштен бірінің аты бар да, заты жоқ. Осы және өзге де мәселелерді шешетін уақыт жетті. ҮЕҰ-ның саны жылдан-жылға өсіп келе жатыр, демек, еліміздегі азаматтық секторды жаңартуға тура келеді. Осы саладағы заңнаманы қайта қарау қажеттілігі туралы ұсыныстар бар. Аймақтың әлеуметтік маңызды мәселелерін шешуде үкіметтік емес сектордың үлесін арттыру қажет, – деді министр.

Батыс Қазақстан облысы азаматтық қоғамды дамытудың пилоттық жобасын жүзеге асырушы өңір ретінде таңдалып алынған болатын. Осы мақсатта форум шеңберінде ҚР Қоғамдық даму министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі және «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ арасында азаматтық қоғам институттарын дамытуға жәрдемдесу туралы келісімге қол қойылды.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары