$ 444.22  476.38  4.82

Қарағандыда мейірбике екі баланың тік ішегіне сутегі тотығын құйып жіберген

Қарағандыда балалар ауруханасында 2 және 5 жасар сәбилер, клизма жасалғаннан кейін, жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Сөйтсе, мейірбике тік ішекке арнайы сұйықтықтың орнына сутегі тотығын құйып жіберген деп хабарлайды КТК арнасы.

Салдарынан қос бүлдіршіннің ішкі құрылыстары күйіп, сол жерден қан кетіп жатыр. Осындай өрескел қателікке жол берген бірнеше қызметкер бүгін, 15 қыркүйекте жұмыстан қуылды. Ал ұжым болса, консилиум құрып, бұрын кездеспеген кеселге қандай ем жасайтындарын білмей отыр.

Дәрігерге қаралуға анасымен келген 2 жасар Осман үш күннен бері есі кіресілі-шығасылы. Жөтелсе де, ышқынса да, алды-артынан қан аралас сұйықтық тоқтар емес. Ал клизма жасау кезінде баланың шыңғырғанына, анасының жанұшыра айғайлағанынан қарамастан дәрігер улы қышқылды құя салған.

«Балам көгеріп, дем алмай қалды. Өлді деп ойладым. Өйткені алғашқы 50 грамы құйылғанда бала шырқыраған. Тоқтатыңдар дегеніме құлақ асқан пенде болмады. Ақыры талып, жансақтау бөлімінде ғана есін жиды. Бірақ қан әлі тоқтаған жоқ. Дәрігерлер не істерін білмейді», – дейді Осман Рақымжановтың анасы Гүлнар Рақымжанова.

Қазір дәрігерлер екі баланың іш құрлысына клизма арқылы май құйып, ауруды жеңілдететін дәрілерді беріп жатыр екен. Бірақ алғашқы жағдай болғасын қандай емнің қонатынын білмей дал. Препараттың ауысуынан екі бүлдіршіннің денсаулығына зиян келгенін мойындап та отыр.

«Менің бұйрығыммен сол күні кезекшілік жасаған екі мейірбике мен бір дәрігер жұмыстан шығарылды. Бөлім жетекшісі мен тағы бірнеше дәрігерге қатаң сөгіс жарияланды. Су мен сутегі тотығын қалайша ауыстырып алды деген сұраққа ешкім жауап бере алмай отыр», – дейді Қарағанды облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Арғын Бидайбаев.

Бүлдіршіндерге енгізілген 6 пайыздық сутегі тотығы олардың іш құрылыстарын ірітіп жіберген. Әзірге дәрігерлер олардың ішектерін арнайы препараттармен жуып тазалауға мәжбүрміз дейді.

Ал мұндай жағдай Қарағанды облысында алғаш рет болып отыр екен. Сондықтан дәрігерлер өзіміздің шамамыз келмесе, оларға Астанадағы Ана мен Бала институтына жолдама беруге әзірміз дейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары