$ 494.87  520.65  4.91

Бауыржын Байбек зиялы қауымды Алматыдағы ұлттық жобалармен таныстырды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбек қаланың бірқатар зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Алматыдағы Біріккен Ұлттар Ұйымы үйіндегі басқосу еркін форматта өтті. Кездесудің мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен жақында жарыққа шыққан «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында Алматыда алдағы екі-үш жылда қолға алынатын ұлтқа қатысты бұрын-соңды болмаған ұлттық жобалармен таныстыру.

Мегаполистің ажарын айшықтап, тарихынан сыр шертетін алты жобаның тұсаукесері өткізілді. Тарих тек кітапқа түсіріп қана қоюмен шектелмейтінін тілге тиек еткен қала әкімі Байыржан Байбек әр жобаның құндылығын жан-жақты түсіндірді. Қысқасы, Алматы алдағы екі-үш жылда туристер ағылатын шырайлы шаһарға айналады. Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматыда құны 97,7 млрд. теңге болатын 265 жоба мақұлданып, жүзеге асырылмақшы.

«Құндылық атаулының барлығы өзге мәдениеттен, не болмаса, өзге құндылықтарға сүйеніп емес − қазақ дәстүрі мен мәдениетінен туындауы тиіс!» – деді Бауыржан Байбек деді жиын барысында.

Айта кету керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасы аясындағы «Қазақстанның  жалпыұлттық қасиетті орындары» респуб­ликалық маңызы бар киелі жерлерінің тізіміне Алматы қаласынан алты нысан ұсынылып, бекітілді. Оның ішінде Райымбек батыр кесенесі, «Боралдай сақ қорғандары» қорымы, Қасиетті Вознесенск соборы, А.Байтұрсы­новтың музей-үйі, Республика алаңы («Тәуелсіздік» монументі, «Тәуелсіздік таңы» ескерткіші) және Үкімет үйінің ғимараты бар.   

Бұл ретте «Боралдай сақ қорғандары» қорымы айшықты алты жобаның бірі. Боралдай сақ қорғандары Алматы қаласының солтүстік батыс аймағында, Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Алдағы уақытта осы жерден Дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы деген аспан астындағы мұражай ашылмақ.

Бұдан өзге Райымбек баба кесенесі қайта жөндеуден өтіп, сол аумақта қазақтың батырлық, әулиелік дәстүрінен сыр шертетін мұражай салынбақ. Бұл – екінші жоба. Аталған жерде мешіт ашу, алыс-жақын жерден келетін адамдарға арнайы түнеу орталығын салу жоспарда бар. Мешіттің аумағы 591 шаршы метр болмақ. Бұл бірден-бір экспозициялық-танымдық жобаның бірі. Бүгінде Райымбек баба кесенесіне зиярат етуге шамамен 300 мыңнан астам адам келеді екен. Алдағы уақытта кесенеге келетін адамның санын 500 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Үшінші жоба бойынша мегаполистегі «Қазақфильм» аумағында заманауи Этноленд кешені салынады. 

Естеріңізде болса, бұрынырақта Алматыдағы Розыбакиев – Штраус көшелерінің қиылысындағы аумақтан Сақ қорғандары табылған болатын. Бұл жер сол кездегі «Казкоммерцбанктің» (қазір «Халық банкі» – авт.) иелігінде еді. Бүгінде аталған банктің басшылығы 1 гектарға жететін жерді қалаға сыйлапты. Алдағы уақытта  Розыбакиев көшесінің бойынан Сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай ашу жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және қала жастарын қолдаудың Жол картасы аясында бұрынғы трамвай депосының орнында жастардың лофт-орталығы ашылған болатын. Бүгінде бұл жер қаладағы жастардан құралған 20 астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіріп отыр.

Сонымен қатар, жиылған қауымға қайта жөндеуден өткен Орталық мәдениет және демалыс саябағының жаңа келбеті көрсетілді. Орталық саябақ аумағында жарық бағаналары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалып, көгалдандырылды. Ескеретін жайт, бұған дейін аталған демалыс саябағында қазақтың мәдениетінен, дәстүрінен сыр шертетін бірде-бір  нысан болмаған екен. Қайта жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған соң саябаққа екі жәдігер қойылмақ. Оның біреуі саябаққа кіреберіс жерге орнатылады. Ол – Алматы қаласының мыңжылдығын дәлелдейтін күміс теңгенің ескерткіші. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық күнтізбесінің ескерткіші жасалып жатыр. Күнтізбедегі жазулар руна және  латын қарпімен жазылады. Бұл ескерткіш те саябаққа қойылады.

«Қазақтың тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, болмысын насихаттау мақсатындағы айшықты жобаның қолға алынғаны қуантарлық жағдай. Шаһардың киелі жерімен, табиғатымен үндестік дамығанда адам рухани баюға ұмтылады. Көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын жобаны іске асыру арқылы біз бүгінгі ұрпақтың санасына қазақ халқының дәстүрін, ғылымын-білімін, салт-дәстүрін сіңіре аламыз. Ал бала күннен қазақтың руханиятымен сусындап өскен бала ұлтқа да адалдық танытары сөзсіз. Жас ұрпақ қазақтың болмысын нақты түсініп, зерделейтін болады. Жобалардың ғұмыры ұзақ, әлеуеті жоғары болатынына сенімдіміз», – деді қоғам қайраткері Асылы Осман.

Қала тұрғындарын патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес жоба деген баға берген «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» директорының даму жөніндегі орынбасары Қайрат Сағынғалиұлы:

Әсіресе, бүгінгідей шетелден жұмақ іздеп кетіп жатқан жастарға ой сала отырып, туған жер мен ата-ана алдындағы парызды өскелең ұрпақтың ойына сіңіріп, санасына сілкініс әкелетін қадам бұл. Оның үстіне, қазақ халқы тарихи тамырын тереңге жайған, келешек ұрпаққа мол, ғажап мұра қалдырған ұлтпыз. Бұл – ұрпақтың қамы үшін жасалып жатыр, – деді.

Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразованың айтуынша, көрегенділікпен жасалған бұл жоба жас ұрпақтың жадын жаң­ғыртуға аса керек дүние.

«Алматыда тарих­та орны бар бірқатар көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін жасап, оларды өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешендер жүйесі ретінде орнықтыру - көңілге қонымды, ауқымды жоба. Бұл бағытта жұмыла жұмыс істеуіміз қа­жет. Бұл ретте қалалық әкімдік мықтап қолға алған жобаның рухани жаңғыруға, мәңгілік ел рухын көтеруге қосатын үлесі мол болмақ. Сондықтан, бұл жоба аяқсыз қалмауы керек. Жобаның келешегінен күтетін үміт те зор», – деді А.Миразова.

«Алматының гүлденетініне өте қуаныштымын. Бұл жақсы нәрсе. Егер мен қалаға келген шетелдің адамы болсам: жаңағы айтқандардың көбі қолмен салынған біздің заманның ескерткіш-белгілері ғой, «Бұлардың бұрынғы айтып жүрген тарихы рас па екен, өтірік пе екен» деген күдік менде тұрады, сөз жоқ. Сондықтан жаңағы Розыбақиев тұсындағы Алмату деген жазуы бар теңгені кәдімгідей қоршап көрсету керек. Бұл нақты тарихи археологиялық ескерткіш, оған ешкім дау айта алмайды», – деді жазушы Бексұлтан Нұржеке.

Кездесу соңында зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қариялар қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, баталарын берді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары