$ 444.22  476.38  4.82

Су тасқынынан зардап шеккендер жаңа баспаналы болды

Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Бұқар жырау ауданына жасаған жұмыс сапарының барысында көктемгі қызыл суда қираған үйлердің орнына салынған жаңа баспаларды көріп, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлады облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметінен. 

«Қарағанды облысындағы Бұқар жырау ауданының Ақтөбе, Ынтымақ, Сарытөбе ауылдарында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы аяқталды», - делінген хабарламада. 

Ақтөбе ауылдық округінің Ақтөбе және Ынтымақ ауылдарында 36 бір және екі пәтерлік тұрғын үйлерді су басып, 51 отбасы зардап шеккен. Тәуелсіз сараптама Ақтөбедегі екі үйді, ал Ынтымақта бір үйді апатты және тұруға лайықты емес деп таныды. 

Зардап шеккен тұрғындарға жоғалтқан мүлкі үшін 6,5 млн. теңге көлемінде өтемақы төленген. Сондай-ақ, гуманитарлық көмек көрсетілді. 

«Жаңа баспанаға көшуді отбасымызбен көптен күттік. Жаңа үйіміз бұрынғыдан да жақсы. Құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеп, екі айдың ішінде іргетасы биік, бөлмелері кең әдемі үй салып берді. Менің басты тілегім - еліміздің бейбітшілігі мен амандығы, осындай табиғи апаттар енді ешқашан болмасын», - деді билік пен құрылысшыларға алғысын білдірген Ынтымақ ауылының тұрғыны Тиыштық Сарина. 

Көкпекті ауылдық округінің Сарытөбе ауылында су тасқыны салдарынан жол шайылып кетті. Адамдар қауіпсіз жерге теміржол арқылы көшірілген. 48 үйді (61 пәтер) су басып, соның 17-сі апатты болып танылды. «Қазіргі уақытта 12 үй салынған. Жылжымайтын мүлікке құқық белгілеуші құжаттары болмаған қалған зардап шегушілер үшін басқа үйлер сатып алынып, облыстық қоғамдық қайырымдылық қорының қаражатынан материалдық көмек төленіп жатыр. 

Бұдан басқа, зардап шеккен барлық адамдарға табиғи апат салдарынан келтірілген шығынды өтеу бойынша 23,6 млн. теңге сомасына өтемақы төленген», - деп атап өтіледі хабарламада. 

Сарытөбенің жаңадан қоныстанушылары көрсетілген көмек пен жаңа үйлер үшін алғысын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары