$ 445.66  474.58  4.78

ҰКП: «Гүлнәр-турға» қатысты жағдайды сот арқылы шешу керек

Ұлттық кәсіпкерлер палатасына (ҰКП) туристік фирмалардан туристік саладағы проблемалар туралы, атап айтқанда, халықаралық шипажайларға қазақстандық туристерді чартерлік тасымалдаумен байланысты проблемалар бойынша өтініштер келіп түсе бастады, деп хабарлайды ҰКП-ның баспасөз қызметі.

Қалыптасқан жағдайға байланысты ҰКП талдау жасады. Сараптамалар көрсеткендей, осы жылдың шілде айында қалыптасқан туризм нарығындағы күрделі дағдарыс жағдайы «Гүлнар-тур» ЖШС-нің шарттық міндеттемелерін орындамауынан туындады. Соның салдарынан чартерлік тасымалдаулар және осы компания тарапынан азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру мәселелерінде бірқатар заңнамалық нормаларды  бұзу фактілері орын алған.

Еске сала кетсек, «Гүлнар-тур» компаниясының қызметінде орын алған кемшіліктерге байланысты туристерді тасымалдау бөгеліп қалған еді. Сонымен қатар, жолдамаға ақша төлеп қойғанымен демалуға бара алмай, тіпті, компания тарапынан қызмет көрсетілмеген клиенттер жапа шекті.

«Қазіргі уақытта ҰКП-да «Гүлнар-тур» компаниясымен жұмыс істеген турагенттерден алдағы күндерге туристерге сатылып кеткен турпакеттер саны анықталып жатыр (мысалы, ерте брондау науқаны бойынша биылғы тамыз айында ұшуға турпакеттерді қаңтарда сатып алған жағдайлар да кездеседі). Әзірше мәліметтер нақтылануда. Алайда, қолда бар деректер бойынша «Гүлнар-тур» ЖШС әрекетінен барлығы шамамен 4,5 мың адам жапа шеккен», делінген хабарламада.

Дегенмен, «Гүлнар-тур» компаниясының қызметі әзірше тоқтатылмады. Компания лицензиясы әзірге өз күшінде тұр. Банкроттық туралы ресми хабарландыру да жарияланбады. Лицензияны қайтарып алу тек сот шешімі бойынша ғана болуы мүмкін. Қазір «Гүлнар-тур» ЖШС-нің қаржылық жай-күйіне қатысты өкілетті органдар тарапынан тиісті тексерістер жүргізілуде. 

Бұл ретте ҰКП «Гүлнар-тур» ЖШС туристері, турагенттер және туроператорлар арасында қалыптасқан жағдайды сот арқылы немесе сотқа дейінгі реттеу іс-шараларын өткізу жолымен шешу керек деп отыр. Осыған байланысты ҰКП өңірлік кәсіпкерлер палаталарының кеңселерінде турагенттерге қажет заңгерлік консультациялық қолдау көрсетуге дайын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары