$ 448.89  477.93  4.76

Электрондық қолтаңба ұялы телефонымызда болады

Келер жылы қазақстандықтар электрондық цифрлық қолтаңбаны SIM-картаның көмегімен пайдаланатын болады. «Мобильді қолтаңба» электрондық қызметтер мен сервистерді ұялы телефонның кез-келген моделі арқылы алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Байланыс және ақпарат агенттігінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметіне сай, жоғарыда аталған жаңашылдық «Мобильді үкіметтің ақпараттық жүйесі. М-GOV құру» жобасы аясында әзірленуде. Бүгінгі күні iOs және Android операциялық жүйесін пайдаланушылар үшін egov.kz мобильді қосымшасы арқылы 13 электрондық мемлекеттік қызметтер қолжетімді. Олардың қатарында баспана кезегіне бақылау, коммуналдық қызметтер үшін төлемақы төлеу, жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу қызметі секілді бірқатар қызметтер бар. Аталған қызметтерді алу үшін мобильді қосымшаны пайдаланушылар файлдық ЭЦҚ қолданады.

— SIM-картаға жазылған ЭЦҚ ұялы телефонның кез келген түрі арқылы  электрондық қызметтерді алуға мүмкіндік береді, тек SIM-картаны ғана өзгерту  қажет болады — дейді ҚР Байланыс және ақпарат агенттігінің электрондық қызметтерді және ХҚКО дамыту департаментінің директоры Абылайхан Оспанов.

Оның айтуынша, «Мобильді үкіметті» құру барысында электрондық цифрлық қолтаңбаны қолданбай-ақ алуға болатын электрондық қызметтерді SMS пен PUSH көмегі немесе бір реттік құпия сөзді қолдану арқылы хабарламалық және алдын ала ескерту сипатында алу мүмкіндігі қарастырылуда.

— Бұл дегеніміз, біз болашақта мобильді үкіметтің мүмкіндіктері аясында қағаз анықтамалар мен құжаттардан бас тартатын боламыз, — деп атап өтті Абылайхан Оспанов.

Айта кету керек, 2008 жылдан бері қазақстандықтарға барлығы 4,7 млн. ЭЦҚ берілген. Қолданыстағы ЭЦҚ саны бүгінгі күні 2,35 млн. құрап отыр, оның 90 пайыз жеке тұлғаларда. 

Бүгінгі күні азаматтар ЭЦҚ көмегімен мемлекеттік органдардың виртуалды қабылдауларына өз өтінімдерін жолдап, анықтамалар алуда. Түрлі қызметтер мен рұқсаттарды алуға өтініш беріп, тұрғылықты мекен жайы бойынша тіркеуге тұрып, тіркеуден шығуда. Ал, заңды тұлғалар болса  ЭЦҚ көмегімен Интернет арқылы билік құрылымдарымен,  түрлі мекемелермен Қазақстанның кез-келген  аймағындағы серіктестерімен онлайн режимінде әріптестік орнатып, кәсіптерін кеңейте түсуде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары