$ 494.87  520.65  4.91

АҚТӨБЕДЕ ӘКІМНІҢ СЫЙАҚЫСЫ ДАУ ТУДЫРЫП ЖАТЫР

Ақтөбелік «Керек.info» газетінің тілшілері мен басылым басшылығы арасында орын алған кикілжіңге қатысты тағы бір тың дерек шықты. Айта кетсек, байланыс және ақпарат саласы қызметкерлері күні қарсаңында аталған газет редакциясының екі тілшісі – Ардақ Ерубаева мен Индира Кереева қала және облыс әкімдерінің сыйақыларына ие болады. Бірақ, артынша «NewTimes.kz» ақпарат агенттігінде «Ақтөбеде әкім сыйақысымен бөліспеген журналистерді жұмыстан шығарып жібере жаздады» деген ақпарат тарады. «Әділ сөз» ұйымының мәлімдеуінше, газет басшылығы қос журналистен 100 мың теңге және 50 мың теңге сыйақыларын ортақ қазынаға қайтаруды талап еткен. Ал, бұл жолы аталған газеттің бас редакторы осы жайтқа орай жаңа мәлімдеме жасап отыр.

«Керек.info» газетінің бас редакторы Самал Абдрахманованың айтуынша, «NewTimes.kz» ақпарат агенттігінде жарияланған материалдағы деректер шындыққа жанаспайды. Ал «журналист Асқар Ақтілеуовтің ФБ әлеуметтік желісінде жариялаған ешқандай негізсіз ақпаратының нәтижесі өзге әріптестерінің тарапынан мәселенің мән-жайын анықтап алмай, қолдау тапқаны беделдеріне нұқсан келтіріп отыр. Оның ішінде «сенің әр қадамың аңдулы болады» деп бас редактор журналистке ескерту жасады» деп келтірілген дерек мүлдем өтірік дейді газет редакторы.

Бас редактордың жазуынша, А.Ақтілеуовке ақпарат берген, яғни шағымданушы Ардақ Ерубаева өзіне жағымсыз жайтты жасырған. Бұны «оның су ішіп отырған құдығына түкіргені» дп санайтынын білдірген газет редакторы аталған қызметкерлердің қандай кемшіліктері бар екенін тізбелеп шығады. Самал Абдрахманованың сөзіне қарағанда, Ардақ Ерубаева «Керек.info» газетінде бес жылдан астам уақыт жұмыс жасап келе жатыр.

– Бірақ, бірнеше жыл бір жерде жұмыс істеу – журналистің кәсібилігін көрсетеді деп айта алмаймын. Мен бас редактор болған алты айдың ішінде ол жазған бірнеше материал үшін газет бетіне наразы тараптан кешірім сұрап түзету жарияладық. Ақпаратты толыққанды жинамай, анық-қанығы анықталмаған жәйтті тексермей, кейіпкерлерінің аты-жөндерін де қате жаза салады. Және оны тексеру мен берген материалды басылым бетіне жіберу немесе жібермеу бас редактордың міндеті деп бет бақтырмайды. Ақпарат бөлімінің бсшысы ретінде қызметін салғырт атқаратындығы өз алдына, бас редактор ретінде оған жіберген қателері туралыайтсам, қабылдамайды. Мұндай сындарды өзінің кәсібилігіне нұқсан келтіру үшін жасалған әрекет деп түсінеді, – дейді бас редактор. 

Ал жүлдеге келсек, БАҚ өкілдеріне берілетін облыс және қала әкімінің сыйлығына А.Ерубаева мен И.Кереева мерекеден бір ай бұрын ұсынылған. Бірақ сыйлықты алғанша олар өз қызметтеріне немқұрайлы қарап, бірнеше рет өрескел қателіктерге жол берген. Бұрын да мұндай жағдайлар бірнеше рет қайталанып жүргендіктен, И.Керееваны жарты ставкаға аудару туралы ұсыныс әкім сыйлығына ұсынылмастан бұрын болған. Сондай-ақ, оның қызметіне салғырт қарағаны үшін әріптестерінің талап етуімен жазған үш бірдей түсініктемесі бар.

Ал А.Ерубаеваның соңғы екі нөмірде бірдей  өрескел қате жіберуі және көзге ұрып тұрған қатені мойындамай, бар кінәні басқаға аудара салуы оның одан әрі басылымда жұмыс істей алмайтындығына нақты дәлел болып отыр екен. Оның үстіне, бір емес бірнеше құзырлы органдардың кешірім сұрау туралы ресми хат жіберуі оның сауатсыздығын анық көрсетіп отырғандығын айтады Самал Абдрахманова. 

– Осы келеңсіздіктердің бәрі басшылықтың құлағына дәл мереке күні жетті. Сондықтан көңілі толмаған серіктестік директоры ашумен «әкім сыйлығына лайық емес әрекеттері үшін жүлдені ортақ қазынаға қайтарту керек те, қызметіне адал өзге журналистерге беру керек» деген ұсыныс айтқаны рас. Бұл туралы сырттай естіген сыйлық иелері ақшаны жұмсап қойдық деген сылтау айтып, оны қайтарып беруден түбегейлі бас тартамыз деп, жұмыстан босап қалу қаупі туғанда өз мүдделерін қорғау үшін, оңтайлы пайдаланып қалды. Шынтуайтына келгенде екеуі де сыйақыларын өз қалталарында қалдырды. Ал А.Ерубаеваның ақшаны қайтарып бердім деп айтып, ақпарат таратып жүрегені тіпті жалған. Бұл сөзімді серіктестік есепшісі де растайды, – дейді Самал Абдрахманова өз сөзінде. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары