«Жергілікті жерлерде кәсіби мемлекеттік аппарат жақсы жұмыс істейтін болса, онда арыз-шағымдар орталыққа ағылмас еді. Әрбір мемлекеттік қызметшінің еңбек нәтижесі және жұмыс ауқымына қарай ақы төлеу болатын болса, сонымен қатар, қызметтік пәтер берілсе, онда қызметкер еш нәрсеге алаңдамай, өз жұмысына құлшына кірісіп, зор жауапкершілікпен атқарады» дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов.
Департамент басшының пікірінше, адамзатқа ертеден таныс сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, қайда мол қаражат пайда болса, сол жерге тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі.
- Осы құбылыспен күресу туралы 13-қадамда: «Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру» қажеттігі көрсетілген. Бұл ұйым жемқорлыққа жол беретін командалық ауыс-түйісті болдырмауға және қызметтік іс-әрекет жетістіктерінің «жадын» сақтап қалу үшін қажет деп ойлаймын, - дейді М.Ахметов.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Ұлт жоспарының 3-қадамындағы: «….мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданушыларды іріктеу рәсімін орталықтандыру, үш сатылы іріктеу жүйесін енгізуге» байланысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметте бүгінгі таңда кәсібилік аса қажет болып отыр. Себебі, мемлекеттік аппаратта қабылданатын шешімдер салиқалылықты, жауапкершілікті, тәжірибелілікті қажет етеді.
- Меритократия қағидаттарын қорғауда және аталмыш салада асыра пайдаланушылықты болдырмауда жұмысты жүйелендіру аса маңызды. Меритократия барлық мемлекеттік секторларға негізгі қағидат болуы тиіс деп есептейміз, - дейді М.Ахметов.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, ағымдағы жылы Тәртіптік кеңесте 54 тәртіптік іс қаралған болса, оның ішінде «Ар-намыс» кодексін бұзғаны үшін – 20, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасын бұзғаны үшін – 10, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту – 7 және атқаратын қызметінен босату – 3 қызметкерге шешімдер қабылданған.