«Оңтүстік Қазақстан облысы мемлекеттік қызметшілерінің арасында еңбегіне адал орындаушылық қабілеті жоғары мамандар көп, бірақ жемқорлықты бизнеске айналдырғысы келетіндердің де ұшырап отырғандығы көңілді қынжылдатады» дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, оларды дер кезінде ауыздықтап отыру үшін іс басындағы мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізіп отыру маңызды. Бұл орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаменті тарапынан реформаны қолдауға белсенді қатысуды және азаматтық белсенділікті арттыру мақсатында көшпелі үгіт-насихаттық тобы құрылып, облыстың барлық аудан мен қалаларының және шалғай елді мекендерінде жұртшылықпен кездесулер өткізілген.
- Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары, бизнес және кәсіпкерлер өкілдері, әйелдер комитеті, жастар, жергілікті тұрғындар қатысты. Жұртшылықпен кездесу барысында талқыға салынған мәселелер көп болды. Яғни, Ұлт жоспарын іске асыру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ұлтаралық келіспеушіліктің алдын алу, балаларды және жастарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу негізге алынды, - деп атап өтті М.Ахметов.
Айта кету керек, департамент тарапынан мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру үшін осы күнге дейін 200-ден аса іс-шаралар өткізіп, 25 мыңнан астам адам қамтылды. Қоғаммен өзара іс-қимыл жұмысы бойынша 2015 жылдың 1 тоқсанында облыстың барлық ауданында департамент басшылығымен жеке кездесулері бар «Ашық есік күндері» өткізіліп, пленарлық және практикалық бөлімдерде агенттіктің жаңа миссиясы таныстырылып, Елбасы Жолдаулары мен Жемқорлыққа қарсы стратегиясы қызу талданды. Сондай-ақ, облыстық кәсіпкерлер палатасында, облыс әкімі аппараты мемлекеттік қызметшілерді даярлау орталығында, білім саласы қызметкерлері арасында, облыстық сотта – үлкен ауқымды семинарлармен қатар, дөңгелек үстелдер, БАҚ қызметкерлерімен брифингтер және телеарналарда ток-шоулар мен жеке сұхбат ұйымдастырылуда.
- Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – профилактикалық қызметі бойынша департамент тарапынан Қоғамдық кеңес төрағасы және мүшелерімен үздіксіз байланыс орнатылып, халықпен кездесу жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Азаматтық қоғамдармен тығыз байланыс орнату жұмыстарын жүргізу мақсатында облыстың 40-қа жуық мекемесімен меморандум түзілген. Қазіргі таңда 19 этномәдени бірлестікпен, 5 үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыс орнатылған. Ұлт жоспарын үздіксіз насихаттау арқылы шынайы өмірге ұластыру мемлекеттік қызметшілердің басты міндетіне айналуы тиіс, - деп атап өтті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов.