$ 494.87  520.65  4.91

Қазақ мемлекетінің мақсаты - мәңгілік ел болу

Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту туралы тапсырмасы қоғамдық санада жаңа бір сілкініс туғызды.

Расында, бұл қазақ халқы ежелден мәйегі мықты мемлекет құрған іргелі ел екенін баршаға паш ететін игі шара. Тарихынан көз жазып қалған халықтың рухани дамуы баяу, санасы салғырт, мінезі жасқаншақ болады деп есептеймін. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңгер мамандығында оқып жүргенімде «Қайта құру» саясатының лебінен нәр алған тарихшы ғалымдардан және заң ілімдерінің қыр-сырын үйреткен ұстаздарымнан қазақ хандарының «жолдары» туралы тарихи мәліметтерді алғаш рет естідім және қазақтардың құқықтық дүниетанымының тереңде жатқанына көз жеткіздім.

Таптық идеологияны ту еткен кеңестік қоғамда хандар туралы кереғар, бұрмаланған мәліметтердің орнағандығын сол кезеңнің түлектері болған менің құрдастарым, әріптестерім жоққа шығара қоймас. Иә, мемлекет және оның заңдары жайлы, мемлекетті басқарудың түрі мен тәсілдері төңірегіндегі ой-толғамдар, пікірталастар сан ғасырлар бедерінде үздіксіз жалғасып келеді. Оның кімді болсын ойландыратын тағылымы мен сабағы да көп. Мемлекетті қайта құрып немесе жаңартып отырудың тәжірибелері әлемдік тарихта көп кездеседі. Кейбір мемлекеттер өзінің тарихи міндетін атқарған соң өз жолын ұлттық сипаттағы мемлекеттерге береді. Жалпы ХV-ХХ ғасырлардың аралығы ұлттық сипатта құрылған мемлекеттердің тарихы. Соның бірі - Қазақ хандығы. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда мұрагерлерінің ішінде ең ұзақ өмір сүрген - Қазақ хандығы. Қазақ хандығы - қазақ аталғаннан кейін емес, өз алдына бөлініп қазақ атымен шыққан мемлекет.

Қазақтың ұлы  хандарының бірі – Есімнің тұсы қазақ мемлекетінің аумақ жағынан кеңейіп, халқының саны молайып, орталық билігі тұрғысынан алғанда қатайып және күшейіп, өз заманындағы ірі де қуатты монархияға айналған дәуірі. Дегенмен, қазақ мемлекеттілігі толық қалыптасып бітпеген еді, ол әлі де даму және құралу жолында болатын. Оны Есім ханның мынадай саяси-әскери әрекеттерінен көруге болады. Ол Ташкент билеушісі Тұрсын ханның қазақ хандығын бөлшектеу әрекетіне қатаң тосқауыл қойды. Қазақ хандығының құрамында болып келген қарақалпақтарды «жалған Әбдіғаппардың» бөліп әкетуіне жол бермеді. Ойрат одағын соңғы екі жүз жылда болмаған ең ауыр жеңіліске ұшыратты. Қырғыз биі Көкімге Ташкентте ескерткіш орнатқан екен. Бұл қазақ-қырғыз қолының бір болғандығын білдіреді. Осылай алты алаш атанған Қазақ мемлекетін сақтап қалған.

Есім хан Қазақ хандығының саяси-құқық жүйесіне реформа жасады. Оның еңбегінің «Ескі» деп аталуынан оның өзінен бұрынғы Майқы би жарғыларына, Қасым хан салған «Қасқа жол» аманатына қиянат жасамау деп ұғуға болар. Есім хан бұрыннан келе жатқан жол-жоралғыларды бір ретке келтіріп, заман ыңғайына қарай оның бойына жаңа нәр берді. Оның басты мақсаты ішкі саяси тұрақсыздыққа жол бермеу болғандығын аңғаруға болады.

Дала заңдары саналатын «Әдет», «Қыпшақтар кодексі», Шыңғыс ханның - «Жасағы» және Майқы бидің жарғылары қазақ көшпелі қоғамында қазақ хандығына дейін өмір сүрген. Олардың басын «Хан жолдары» біріктірді. «Жолдар» мемлекеттіліктің жеке-дара дербестенуінің көрінісі, оның қалыптасқан құқықтық мәдениеті жаугершілік, әскери заманға сай бейімделді. Қасым ханның «Қасқа жолы» мен Есім ханның «Ескі жолы» осындай заңдар. Дегенмен, «Қазақ хандығы-қазақ мемлекеттілігінің түпқазығы» дегенді білдірмейді. Қазақ заңгер-ғалымдарының корифейі, академик Салық Зиманұлының редакциялауымен жарық көрген «Қазақтың ата заңдары» атты 10 томдық жинағында қазақ мемлекеттілігі ғұн, үйсін, қаңлы, түркі дәуірінен бастау алатындығы жан-жақты дәйектелген.

Мен заң ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғау үшін «Қазақстанның саяси дамуындағы жергілікті өзін-өзі басқару» атты тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмысымен айналыстым. ХІХ ғасырдың соңы мен 1995 жылдары аралығындағы еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқаруының тарихи тәжірибесін зерттедім. Қолданыстағы Ата Заңның VІІІ бөлімінің 89 бабында «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» көрсетілген, яғни мемлекеттік билікті орталықсыздандыру және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу мәселесі өзектілігімен ерекшеленді. Ал хандық дәуірде осындай жергілікті басқару органдары болды ма? Әрине, болды. Хан оларсыз билігін толық орнықтыра алмас еді. Айталық, хандықтың әлеуметтік иерархиясында ханнан басқа билер, сұлтандар, батырлар, тархандар, қожалар, ақсақалдар жайғасты. Ру ішіндегі немесе руаралық дауларды рубасылар, ақсақалдар кеңесі және қожа-молдалар да шешіп отырған. Рубасылар қатысқан ақсақалдар  кеңесін - өзін-өзі басқару органдары деп қарау керек. Олар хандық басқару сословиелерімен өзара қатынасында міндет пен жауаптылықтың нақты бөлінісі болатын. Даулы істі алдымен солар қараған, екі дауласқан жақ билердің істі қарауына дейін, өзара келісіммен шешуге қимыл-әрекет жасап, әдеттік құқыққа сүйеніп бітімге келуге үндеген. Осылай, билер, батырлар және ақсақалдар институты толыққанды жұмыс істеді.

Есім хан «Бай, бектер үшін қос құн төлеу керек» дейтін заңның артықшылығын қолдамаған дара билеуші. Иә, ол қоғамда үстем тап өкілдерінің мәртебесі биік болса да, ол өзгеріс қазақ мемлекеттілігіне нұқсан келтіре алмады. Қазақтың әдет-ғұрып нормаларының ерекшелігі, қолдан-ылатын баптарында түрмеге тоғыту, абақтыға жабу секілді жазалау шараларының болмағандығында. Оның орнына билердің ықпалымен құн төлеу институты кеңінен қолданылды. Құн төлеу – кісі өлтіргені немесе адамның дене мүшесіне жарақат түсіргені үшін белгілі бір мөлшерде моральдық-материалдық төлем ақы талап ету заңы. Әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билер осылай жол тапты. Билер шешімі хан жарлығымен бірдей дәрежеде атқарыла бастады. Олардың жұмысын бүгінгі соттар мен прокурорлардың қызметімен салыстыруға болады. Ал үкімдерді, жазаларды батырлар орындады.

«Ескі жол» салған мемлекеттілікті нығайтқан мынадай жаңаша белгілерін көруге болады: біріншіден, хан пәрмені, батыр, абыз ісі, би мәртебесі, екіншіден, құн төлеу жоралғылары: өнер құны, сүйек құны және құн ісін жайғастыру, үшінші, жесір ісіне қатысты жоралғылар: әмеңгерлік, жесір дауын шешу, төртіншіден, жаза белгілеу жоралғылары: жан жазасы, мал жазасы, ар жазасы және оны тарту тәртіптері. Бұл жоралғылар билер кеңесінің талқысынан өтіп, бекітілген. Бұл баптардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, талдау жасағанда билердің шешендігі мен тапқырлығына таң қаласың. Далалық демократияның рухына сай жасалған заңдар болғандығына көз жеткізесің. Көшпелі қазақтардың құқықтық мәдениеті халықтың болмысы мен тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық салт-санасына лайық еді. 

«Ескі жол» мемлекеттілікті дала демократиясының арнасына түсірді. Азаматтық, қаржылық, отбасылық, қылмыстық құқықтардың үлгілері мен баптары жасалды. Елбасы өзінің «Тарих толқынындағы халық» атты еңбегінде«: «Қазақты жер бетінен жойып жеберетін күш болған емес...» деп жазды.  Иә, арғы-бергі дәуірде әлемдегі талай ел мен жұрт тарихтың толқыны мен жаугершіліктің жойқынына төтеп бере алмай, жұтылып кете барды. Ал бізде – ел де, жер де сақталып қалды.

Есім хан секілді - Ұлы хандар киелі де қасиетті жерді сақтап қалды. Қазақ хандығының тарихына зер салсақ Сыр бойы қалалары үшін Керей мен Жәнібектен бастап Есімге дейінгі қазақ хандары өте  қажырлы қайрат жұмсағандығына көз жеткізуге болады.  Оңтүстік өлкесі сондай қасиетті де киелі мекен екендігіне көзім жетті. Жері тұнған тарих. Дана-ғұламалар шыққан өңір. Бұрынғы қызмет істеген өңірім Павлодар облысы өзіндік тарихқа ие болса да, оңтүстікті бекерге ұлтымыздың, ұлысымыздың ұйытқысы деп атамайды екен. Қазақ хандығы, қазақ мемлекеттілігі осы жерден бастау алған деуге толық негіз бар. Оған дәлелдердің бірі –Есім хан өз астанасы еткен Түркістанның тарихын оқысақ жеткілікті. 

 Мұрат Жамбылұлы Ахметов,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы

іс-қимыл Агенттігінің ОҚО бойынша

департаментінің басшысы, 

заң ғылымдарының кандидаты

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары