5 ақпанда Ақтөбеде бір топ адам осыдан бір күн бұрын Астанада уақытша баспанадағы өрттен мерт болған бес баланы еске алды. Ақтөбенің «Астана» саябағына жиналғандар өрт құрбандарына арнап аспанға қара және ақ түсті шарлар ұшырды деп жазады Азаттық.
- Қара түс қайғының, ақ түс ертеңгі күнге деген сенімді білдіреді, - деді шараны ұйымдастырушылардың бірі Бақыт Жаншаева.
Шар ұшырып болған соң шараға қатысушылар саябақтың іргесінде орналасқан «Нұрғасыр» мешітіне барып, өрт құрбандарына құран бағыштады.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында Шыңғыстау көшесіндегі жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала мерт болған. Төтенше жағдайлар қызметі өкілінің айтуынша, ата-анасы жұмысқа кеткен балалар өрт шыққан кезде үйде жалғыз қалған. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл шаңырақ көп балалы отбасы ретінде тіркеуде тұрған.
Қазаға ұшыраған балаларды сейсенбіде Астанада жерледі. Олармен қоштасуға аязды күні жүздеген адам, негізінен қарапайым тұрғындар жиналды. Ресми тұлғалардан ешкім байқалмады.
Ақорда сайты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалардың туыстарына көңіл айтып, үкімет пен Астана қаласы әкіміне зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын хабарлады.