$ 494.87  520.65  4.91

Жамбыл облысында мектеп хатшысы мұғалімдердің жеке куәлігімен несие алып келген

Қордай ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта білім мектебінде хатшы әйел мұғалімдердің атынан онлайн несие алып келген. Бұл туралы КТК арнасындағы «Дау-дамайсыз» бағдарламасы хабарлайды.

Білім ордасының қызметкерлері өздерінің атынан әріптестерінің несие алып келгенін білмеген. Соның бірі мектепте еден жуушы болып істейтін көпбалалы Зағипа Бектібаева өзінің атынан онлайн несие алғанын естігенде жағасын ұстаған.

«Мені алдап, атымнан 125 мың теңге несие алған. Ол келіншек менің жалақы карточкамды екі рет сұраған болатын. Содан ештеңе ойламастан бере салдым. Бірақ кейіннен өзімнің атымнан кредит алынғанын білгенде жағамды ұстадым. Мектепте хатшы болып жұмыс істегендіктен, біздің барлық құжатымыз соның қолында. Ол несие алу үшін жеке куәлігіміздің нөмірін пайдаланған», – дейді көпбалалы ана.

Мектепке хатшы болып орналасқан келіншек жұмысқа «Жұмыспен қамту орталығы» арқылы келген. Қазір ол жұмыстан қуылып, ал рәсімдеген несиені толық төлеуге уәде беріпті.  

Даулы іс екі айдан кейін сотқа жіберіледі. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, онда ол төрт жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар, бұл қылмыстық іс Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бақылауында болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары