$ 494.87  520.65  4.91

Қызылордалық «балық бала» дертінен айыға бастады

Ихтиозға шалдыққан қызылордалық 5 жасар Жасұлан Қорғанбек Израильде ем алып қайтты. Ондағы дәрігерлер бүлдіршінге қан құрамы өзгеріп, генетикалық ауытқуға ұшырады деген диагноз қойған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Оның терісіне емес, ең алдымен ішкі ағзасына ем жасалыпты. Әзірге нәтижесі де жаман емес. Денесіндегі қабыршықтар түлей бастаған. Дертінен толық айығып кетуі үшін бала Тель-Авивтегі клиникаға әлі бірнеше мәрте бару тиіс.

Израильде алған шипа баланың да, анасы Ұлбибінің де көңілінен шығыпты.

— Жеңіс деп ойлаймын. Мына мазьді жағып жатқанымызға 4 күн болды. Жақсы нәтиже берді. Бұрын мүлдем терлемейтін бала еді. Бірақ баланың ішкі құрылысын емдейміз деп берген дәрілерден кейін ол терлейтін болды. Терлеген сайын бұл өзі түсіп қала береді, — дейді Жасұланның анасы.

«Израиль генетиктері баланың ағзасына ем жасапты. Яғни, құрамы өзгеріске ұшыраған қанды ретке келтірген. Десе де Жасұланның толық айығып кетуіне олар да кепіл бермеген. Тек қажетті дәрісін үзбесе, жарасы асқынбайтын көрінеді», делінген телеарна сюжетінде.

— Екі айдың жағатын майы, сабыны, гелі, кремі және төрт айға ішетін дәрісін қосқанда 1 миллион 300 мың кетті теңгемен, — дейді Ұлбибі Ықыласова.

Енді Ұлбибі баласымен қорытынды тексеруден өту үшін екі айдан соң Израильге қайта баруы тиіс. Көп болып, көмек берген елге ананың алғысы да шексіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары