Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасында көпбалалы аналардың қатысуымен кезекті рет басқосу өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік, өңірлік деңгейде көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау шараларын қолға алу жөніндегі жұмыс топтары құрылған болатын. Аналармен кездесу қаладағы барлық ауданда өтті. Соның негізінде қатысушылардың ұсыныс-тілектері жіті талданып, нәтижесінде, 13 ақпан күні «Нұр Отан» партиясы филиалының кезектен тыс конференциясында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы аналарды қолдау туралы ауқымды шараларды айқындады.
Қала басшысы жариялаған бастамаға сай, Алматыда көпбалалы аналарға арналып «Бақытты отбасы» орталығы ашылады. Орталық көпбалалы отбасылар мүддесіне жұмыс істейді. Орталық бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істеп, тұрмысы төмен жанұяларға кешенді көмек көрсетуді көздейді. Оның ішінде, құқықтық және психологиялық кеңес те беріледі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды қайта сауықтыруға көмек көрсетіледі. Тіпті, аталған орталыққа көпбалалы аналардың жұмысқа тұруына да жағдай жасалмақ.
Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы аналарға алғашқы жарнаға жергілікті бюджеттен субсидия төленеді. Бұл төрт және одан да көп кәмелет жасына толмаған балалары барларға қатысты. Коммуналдық қызмет, яғни ыстық және суық су есептейтін жеке есептеуіш құралдарын орнату бойынша өтемақы көлемі де ұлғайтылады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту және бір реттік әлеуметтік көмек көлемі де артады. Алматы билігі көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға екінші баладан бастап балабақша шығынын да өтеуді жоспарлап отыр. Ұсынылған жүйелі шара арасында көпбалалы отбасыларға және қысқа мерзімдік тегін курс стипендиясын ұйымдастыру бар.
«Менің ойымша, жиында айтылған көпбалалы отбасыларға көрсетілетін қолдау мен көмек жүзеге асырылады. Бұл аналар қойған барлық сұрақтарға байланысты. Біз тұрғын үй, жәрдемақы тұрғысында байсалды түрде сөйлестік», – деді көпбалалы ана Нұргүл БАЙСАДЫҚОВА.
«Алматы әкімдігі барлық мәселелерді ашық түрде талқылап жатыр. Ол мәселелер көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қатысты болып отыр. Бізді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мұқият тыңдады», – деп пікір білдірді көпбалалы ана Ұлжалғас САТҚЫМБЕКОВА.
Өз кезегінде, бастамашыл топ өкілі Сәуле Әбединова ашық диалогқа шақырды. Оның сөзінше, еш байбаламсыз, ақылға жүгіну керек.
«Алматы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың ұсыныстарына шұғыл түрде назар аударды. Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында қаланың әр ауданынан қоғам белсенділері кірді. Бұл ашық диалогтың оң әсері», – деп атап өтті кезекті өткен жиынды қорытындалаған қоғам белсендісі Сәуле ӘБЕДИНОВА.